Қазақстанда қалыңдық ұрлау тақырыбын романтикалық бағытта дәріптейтін музыкалық шығармаларға шектеу қойылуы мүмкін, деп жазады Alash.kz.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мемлекеттік органдардың мұндай туындыларға ерекше назар аударатынын мәлімдеді. Ведомство өкілінің пайымдауынша, бұл мәселе – қоғам үшін өте сезімтал, сонымен қатар отандық орындаушылардың шығармашылығы халықаралық деңгейде де бақыланады.
Бұдан былай музыкалық өнер өкілдеріне мұндай тақырыптағы әндерді репертуардан алып тастау немесе мәтіндерін қайта қарау жөнінде ұсыныстар берілмек. Министрлік тек әкімшілік тыйымдарға ғана сүйенбей, әртістердің саналы түрде «алып қашу» элементтері жоқ басқа тақырыптарды таңдауына ықпал ететін қоғамдық пікірдің қалыптасуына үміт артып отыр.
Сонымен қатар Евгений Кочетов алдағы уақытта концерттік іс-шараларды ұйымдастыру тәртібі өзгеретінін атап өтті. Енді концерттер әртістер мен ұйымдастырушылар арасындағы нақты талаптары бар келісімшарттар негізінде өткізіледі. Келісімшарттағы басты шарттардың бірі – мемлекеттік құрылымның негіздеріне нұқсан келтіретін, есірткі заттарын немесе порнографиялық мазмұнды насихаттайтын шығармаларды орындауға жол бермеу. Репертуар осы талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана өнер көрсетуге рұқсат берілмек.
Тілшінің тыйым салынған тақырыптарды қозғайтын әртістердің гастрольдік сапарларына қатысты сұрағына вице-министр:
«Біз бұл музыкалық композицияларды орындамауға кеңес береміз», – деп жауап берді.
Бұл шаралар еліміздегі мәдени өнімдердің сапасын арттыруға және заңға қайшы әрекеттердің насихатталуына жол бермеуге бағытталған.