Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Алтын ханым-2026» анықталды: Тәж кімге бұйырды?

09:23, 15 сәуір 2026

Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры әрі танымал блогер Ақмоншақ Нұртаза продюсер Баян Алагөзованың авторлық байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Alash.kz.

Республика сарайында өткен салтанатты шарада TikTok желісінде белсенді мектеп басшысы көрермендердің ең көп дауысын жинап, жобаның бас тәжін иеленді. Жеңімпазға құрметті титулмен бірге 3 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табыс етілді.

Бұл байқауға еліміздің әр өңірінен жиналған 21 үміткер қатысқан болатын. Қатысушылар бірнеше ай бойы түрлі кезеңдерден өтіп, өздерінің іскерлік, интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін сынады. Финалдық кезеңнің қорытындысы бойынша Ақмоншақ Нұртазаның дайындығы мен аудиторияның қолдауы оған «Алтын ханым» атағын алуға мүмкіндік берді. Продюсер Баян Алагөзова жеңімпазды марапаттай отырып, оның жоба барысындағы еңбекқорлығын ерекше атап өтті.

Жоба жеңімпазы өзіне берілген ақшалай сыйлықты жеке мақсатына емес, қоғамдағы әйелдердің рөлін нығайтуға арналған әлеуметтік бастамаларды іске асыруға жұмсайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаражат нәзік жандыларды қолдауға бағытталған маңызды жобалардың негізі болмақ.

Ақмоншақ Нұртаза өз қуанышын оқырмандарымен бөлісіп, желідегі парақшасында былай деп жазды:

«Бүгінгі жеңіс – менің ғана емес, мені шын жүректен қолдаған әрқайсыңыздың жеңісі. Осы жолда бір сәт те жанымнан табылып, дауыс беріп, жақындарыңызға айтып, қолдау көрсеткен баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңіз маған күш берді, ал махаббаттарыңыз жүрегіме үміт сыйлады. Бұл жеңіс – үлкен жауапкершілік, үлкен аманат».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар