Әлеуметтік желіде Қарағанды қаласында кәмелетке толмаған қыздың соққыға жығылғаны туралы видео тарады. Кадрларда жасөспірімнің денесінде көгерген іздер мен жарақаттар бар екені байқалады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Қыздың анасының айтуынша, оны бір топ жасөспірім соққыға жыққан. Сондай-ақ оқиға бейнежазбаға түсірілген. Алайда анасы тергеу материалдары, соның ішінде видео дәлелдер өзіне көрсетілмегенін айтып, бұл жайтқа алаңдаушылық білдірген.
Қазіргі уақытта зардап шеккен қыз ауруханада ем қабылдап жатыр.

Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар алты жасөспірім анықталып, бөлімшеге жеткізілген. Олардың екеуі — 16–17 жастағы ұл мен қыз — уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.