Режиссер Ақан Сатаев экс-әйелі Назира Бақаеваның сұхбатына қатысты желідегі парақшасында пікір білдіріп, мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
«Мен әрдайым жеке өмір жеке болып қалуы керек деп есептеймін. Алайда бұрынғы жұбайым Назира тарапынан күтпеген жария мәлімдемелерге байланысты, алыпқашпа әңгімелер мен фактілердің бұрмалануына, әсіресе балаларыма қатысты қысымға жол бермеу үшін, түсініктеме беруді қажет деп санаймын.
Біздің ажырасуымыздың себептері нақты бөлек шығудан және некенің ресми түрде бұзылуынан әлдеқайда бұрын қалыптасқан. Бұл себептер тек Назира екеуіміздің жеке келіспеушіліктеріміз бен қарым-қатынасымызға байланысты болды. Басқа кісілер ажырасуға себеп те, сылтау да болған жоқ. Біз бұл мәселені бірнеше рет талқылап, ортақ шешімге келдік. Әрине, бұл туралы балаларымызбен де сөйлестік», – деді Ақан Сатаев.
Ақан Сатаев не себепті ажырасқандарын түсіндірді.
«Ажырасуға дейін де, ажырасу процесінде де, одан кейін де Назира ажырасудың себебі ретінде басқа бір адамды, соның ішінде Альмираны атаған емес.
Қазіргі мәлімдемелер мен үшін күтпеген жағдай болды және олар қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеті сияқты көрінеді. Оның үстіне, Назира бұл сұхбатында біздің қарым-қатынасымыздағы келіспеушіліктер 2016 жылдан басталғанын, яғни “Томирис” фильмі түсірілуінен әлдеқайда бұрын болғанын өзі де айтып отыр.
Ажырасуға, кейінгі тұрмыс жағдайына, балаларды тәрбиелеу және олармен қарым-қатынасқа қатысты барлық мәселелер біз бен балалар арасында алдын ала талқыланып, келісілген», – деп жазды режиссер.
Ақан Сатаев экс-жұбайына балалармен бірге тұруды бірнеше мәрте ұсынғанын айтты.
«Мен Назираға балалармен бірге осы үйде тұра беруді бірнеше рет ұсындым, алайда ол өзі бөлек тұру туралы шешім қабылдады.
Мен Назираның таңдауы бойынша үш бөлмелі пәтер сатып алып, оны оның жеке меншігіне бердім, автокөлікті қалдырдым, сондай-ақ қаржылай қолдау көрсетуді және өз міндеттемелерімді орындауды жалғастырып келемін.
Балалар менімен бірге тұруды қалайды. Қазіргі уақытта олар менің жауапкершілігімде және қамқорлығымда. Сонымен қатар, үлкен қыздарымыз тұрмысқа шығып, өз өмірлерін құрып жатыр.
Мен ешқашан балалардың аналарымен араласуына кедергі келтірген емеспін және келтіріп отырған жоқпын. Балалардың анасының жанында тұру мүмкіндігі болды және қазір де бар, алайда оларға осы үйде тұру ыңғайлырақ», – деп жазды Ақан Сатаев.
Режиссер Альмира Тұрсынмен отау құрғанын мәлімдеді.
«Ажырасқаннан кейін төрт жыл өткен соң біз Альмирамен неке қиып, ресми түрде некемізді тіркедік. Бұл шешім балаларымыз бен жақындарымыздың келісімі және батасымен қабылданды.
Менің өтінішім бойынша және балалардың келісімімен Альмира мен оның ұлы бізбен бірге осы үйде тұрып жатыр. Мен оған түсіністігі мен қолдауы үшін алғыс білдіремін. Біздің отбасымыздың барлық мүшелері арасында қазір өзара сыйластық пен мейірімге негізделген байланыс қалыптасты», – деп жазды ол.
Фильмдеріне қатысты айтылған пікірлерге де жауап берді.
«Фильмдерімнің сценарийлеріндегі “бірлескен автор” мәселесіне келсек, өз фильмдерімді түсіру барысында мен расымен де туған-туыстарыммен, жақындарыммен ақылдасамын, олардың пікірін сұраймын — олар менің алғашқы көрермендерім. Олардың кеңесі мен пікірлері жоба үшін “бірлескен авторлық” деп аталатынын ойламаймын.
Осы түсініктемені жеткілікті деп есептеймін және бұл тақырыпты қозғап, талқылауды жоспарламаймын. Жаңа жыл құтты, берекелі және қуанышқа толы болсын!», – деп түйіндеді Ақан Сатаев.