Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму саясаты дене шынықтыру мен спортты қолдауды маңызды басымдық ретінде белгілеп, тұрғындарға сапалы әрі заманауи спорт кеңістігін ұсынуға айтарлықтай мүмкіндік жасауда. Жаңа нысандардың іске қосылуы, қолданыстағы объектілердің жаңартылуы және халықаралық талаптарға сай ірі ареналардың салынуы Алматыны өңірлік спорт орталығына айналдыруға ықпал етіп отыр.
Алдымен, 2024–2025 жылдары мегаполисте алты жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолдануға берілді. Бұл нысандар тұрғындардың жаяу қолжетімділігін арттыру мақсатында Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында орналасқан. Сонымен қатар, жеке инвестициялар нәтижесінде екі жаңа спорт объектісі салынды. Солардың бірі – Нұркент шағынауданындағы ірі теннис орталығы. Комплексте 4 жабық, 4 ашық HARD жабыны бар корт және 6 топырақ корт жұмыс істейді. Бұл орталық қаланың теннис инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерді.
Ұлттық спортты қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі «Тұлпар» кешенін коммуналдық меншікке қайтару. Қала басқармасы мұнда ат спорты түрлерін дамытуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды сақтап, оны Ұлттық спорт қауымдастығымен бірлесе пайдалану жүйесін қалыптастырды. Кешен аумағында 100 жылқыға арналған төрт ат қора, спорт залдары және ашық манеждер орналасқан.
Тұрғындардың барлық санаттары үшін инклюзивті спорт ортасын қалыптастыру Алматы қаласының әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі болып отыр. Осы мақсатта Райымбек даңғылы бойында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған алғашқы мамандандырылған спорт орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан мегаполистің инклюзивті инфрақұрылымға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге бағытталған ірі әлеуметтік жоба. Орталық толықтай параспортшылардың талаптарына бейімделіп салынуда: заманауи жаттығу залдары, арнайы жабдықталған қозғалыс аймақтары, бейімделген санитарлық тораптар және қауіпсіздік талаптарына сай инженерлік жүйелер қарастырылған. Жоба 2026 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарланып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кәсіби деңгейде дайындалуға, халықаралық стандартқа сай жаттығуға мүмкіндік береді. Бұл орталық Алматыда инклюзивті спортты жүйелі дамытуға және параспортшылардың әлеуетін ашуға жаңа серпін беретін бірегей кеңістік болмақ.
Сонымен қатар қала әкімдігі жалпы спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша ұзақ мерзімді жоспарды да жүзеге асыруда. 2027 жылдың соңына дейін Алматыда жалпы ауданы 71 мың шаршы метрді құрайтын алты жаңа спорт кешенін салу көзделген. Бұл нысандар тұрғындар тығыз орналасқан аумақтарда орналасып, жаяу қолжетімділік пен спортқа тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге бағытталады. Инфрақұрылымды жаңғырту тек жаңа нысандар салумен шектелмейді: қаладағы үш ірі спорт мектебі – №9 спорт мектебі, №2 спорт мектебі және спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат – толыққанды күрделі жөндеуден өтеді. Жаңғырту барысында оқу-жаттығу залдары кеңейтіліп, инженерлік жүйелер жаңартылып, спортшылардың кәсіби дайындығына арналған халықаралық деңгейдегі жабдықтар орнатылады. Бұл бастамалар Алматының жас спортшыларына сапалы білім мен дайындық мүмкіндігін ұсынып, елдік және халықаралық ареналарда бәсекеге қабілетті жаңа буын спортшыларды тәрбиелеуге жағдай жасайды..
Қаладағы ірі спорт нысандарын жаңарту бағытындағы жұмыстар да кең ауқымда жүзеге асуда. Ең басты жобалардың бірі FIFA және UEFA талаптарына толық сәйкес келетін 40 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионы. Бұл арена халықаралық жарыстарды қабылдай алатын әмбебап спорт нысаны болмақ. Сонымен бірге биіктігі 17 метрге жететін көркем гимнастика орталығының құрылысы да қала үшін маңызды инфрақұрылымдық қадам саналады.
Спорттық және туристік брендке айналған «Медеу» спорт кешені мегаполистің спорттық даму стратегиясындағы маңызды нысандардың бірі саналады. Қазіргі уақытта кешен жан-жақты жаңғыртудан өтуде. Реконструкция аясында барлық инженерлік жүйелер толық жаңартылып, мұз айдынының техникалық жабдықтары халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі. Бұл ретте нысанның тарихи келбетін сақтап қалу негізгі талаптардың бірі болып отыр. Жаңғырту жұмыстары тек техникалық жетілдірумен шектелмей, спортшыларға арналған дайындық аймақтарын кеңейтуді, туристер үшін қауіпсіздік пен қолайлы инфрақұрылымды күшейтуді де қамтиды. «Медеу» болашақта ірі жарыстарды қабылдай алатын, туристік тартымдылығы жоғары, көпфункциялы спорт орталығына айналмақ.
Әрі Алматының тағы бір стратегиялық нысаны Орталық стадион да ауқымды модернизациядан өтуде. Қайта жаңарту барысында стадионның сәулеттік шешімдері заманауи талаптарға сай қайта жасалып, көрермендер үшін жайлы жағдай жетілдіріледі. Жеңіл атлетика жолақтары толық жаңартылып, халықаралық федерациялардың талаптарына сәйкес стандартталған кәсіби жабдықтар орнатылады. Бұл жұмыстар Алматыға әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдау мүмкіндігін арттырып, кәсіби спортшылардың дайындығына жаңа серпін береді. Қалада жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар спортты дамытуға кең өріс ашып, мегаполистің спорттық әлеуетін едәуір арттыруда. Заманауи нысандардың көбеюі, инклюзивті спорт ортасының қалыптасуы және халықаралық талаптарға сай ареналардың салынуы Алматының өңірлік қана емес, халықаралық деңгейдегі спорт орталығы ретіндегі рөлін нығайта түседі.