Алматыда үй жануарларына арналған ресми зират пен колумбарий ашуды көздейтін петиция жарияланды, деп жазды Alash.kz.
Петиция авторлары Қазақстанда үй жануарларын жерлеуге арналған бірыңғай талаптар жоқ екенін атап өтті. Соның салдарынан көптеген тұрғындар жануарларын бейресми орындарға жерлеуге мәжбүр екенін айтады.
Бастама аясында алғашқы колумбарийді ЖЭО-ның күл үйінділері аумағындағы 10 гектар жерге салу ұсынылған. Петиция авторлары жобаны өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Олардың айтуынша, болашақ кешеннің айналасына ені 10 метр болатын тығыз орман-қорғаныс белдеуі отырғызылып, қазіргі жарамсыз аумақ орман-саябақ аймағына айналдырылмақ. Бұл экологиялық жағдайды жақсартуға да ықпал етеді деген пікір айтылған.
Бастама иелерінің пікірінше, ресми колумбарийлердің ашылуы үй жануарларын заңсыз жерлеу жағдайларын азайтып, топырақ пен жер асты суларының ластану қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, иелері сүйікті жануарларын заң талаптарына сай жерлеп, олардың рухына құрмет көрсете алады.
Петиция модерациядан өтіп, қол жинау кезеңіне шыққан. Оны қарау үшін 23 479 қол жиналуы қажет.