Алматы қаласындағы ең үлкен көшелердің бірі саналатын Розыбакиев көшесінің атауын жақында өмірден өткен халық жазушысы Мұхтар Шахановтың құрметіне беру туралы петиция жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz
Бастама Gosrating.com онлайн петициялар сайтында көтерілген. Қала тұрғындары мен ел азаматтары ономастика комиссиясына жүгініп Абдулла Розыбакиев көшесіне Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың есімін беруді сұрап отыр. Айта кетейік, ұлт тұлғасы 19 сәуір күні аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болған еді.
Петиция авторлары жазушының ел тарихындағы орнына ерекше тоқталған. Мұхтар Шаханов 1989 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысты шындықты айтып, жастарды ақтауға үлкен үлес қосқан. Одан бөлек 2009 жылы 1 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін жалға беруге қарсы шығып, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғаған. Жазушының 30-дан астам кітабы жарық көріп, түрлі мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болған. Мемлекет басшысы да оның қазасына көңіл айтып, өнегелі ғұмыр кешкен біртуар тұлға екенін атап өткен болатын.
Бастама көтерушілер саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Абдулла Розыбакиевтің рухын құрметтейтінін жеткізді. Дегенмен Бостандық және Алмалы аудандарын қиып өтетін ұзындығы 7 км болатын үлкен көше Мұхтар Шахановтың қоғамдағы орнына сай келетінін алға тартқан. Ал Розыбакиевтің есімін шағындау көшеге беріп немесе ескерткіш тақта орнату арқылы сақтап қалуды ұсынды.
Сонымен қатар петицияда көше атауы өзгерген жағдайда тұрғындардың құжаттарын тегін әрі автоматты түрде ауыстырып беру мәселесін шешу сұралған.
«Мұхтар Шахановтың есімін Алматы картасында мәңгілікке қалдыру елдің қадір-қасиетін, қазақ тілі мен тәуелсіздігін қорғаған адамға жасалған әділ құрмет болады», – делінген петиция мәтінінде.