Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда жол құрылысы саласындағы цифрлық жүйені енгізу мәселесі талқыланды

16:17, 09 шілде 2026

Алматы қаласында жол құрылысы саласындағы атқарушылық құжаттаманы жүргізу мен бақылаудың цифрлық модулін (КИД KRL) енгізу мәселесіне арналған жұмыс кездесуі өтті, деп жазады Alash.kz.

Жиынға «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының мамандары, тапсырыс беруші ұйымдардың, мердігер компаниялардың және техникалық қадағалау мекемелерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар жаңа цифрлық жүйенің жұмыс тәртібі мен негізгі қағидаттарын талқылап, атқарушылық құжаттаманы электрондық форматта жүргізудің артықшылықтары түсіндірілді. Сондай-ақ жүйені қолдану барысында туындайтын өзекті мәселелер қаралып, оны тиімді пайдалану тетіктері пысықталды.

Атқарушылық құжаттаманы жүргізу мен бақылаудың цифрлық модулі Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің тапсырмасы аясында әзірленген. Жүйе атқарушылық құжаттаманы цифрлық форматта жүргізуге, құжаттарды бірыңғай ақпараттық базаға жинақтауға және жол-құрылыс жұмыстарының ашықтығы мен сапасын арттыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта жоба Ақмола және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында пилоттық режимде іске асырылуда. Цифрлық модульдің көмегімен жол жұмыстарының орындалу барысын нақты уақыт режимінде бақылауға, техникалық қадағалау деректері негізінде орындалған жұмыстардың актілерін қалыптастыруға және барлық құжаттарды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік бар.

Жоба қағаз құжат айналымын қысқартып, жол құрылысы процестерін басқарудың тиімділігін арттыруға, сапаны бақылауды күшейтуге және барлық қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылып, құжат айналымының қауіпсіздігі мен ашықтығы қамтамасыз етіледі.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының жол активтері сапасын бақылау бөлімінің басшысы Айдар Бейспековтің айтуынша, жаңа жүйе жол саласын цифрландырудағы маңызды қадамдардың бірі.

«Атқарушылық құжаттаманы жүргізу мен бақылаудың цифрлық модулі құжат айналымын жеңілдетіп қана қоймай, құрылыс жұмыстарының барлық кезеңін ашық әрі тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл тапсырыс беруші, мердігер ұйымдар мен техникалық қадағалау арасындағы өзара іс-қимылды жеделдетіп, қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттырады. Ең бастысы – жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау жүйесі жаңа деңгейге көтеріліп, барлық деректер бірыңғай цифрлық кеңістікте сақталады», – деді Айдар Бейспеков.

Мамандардың айтуынша, пилоттық жоба нәтижелі аяқталғаннан кейін атқарушылық құжаттаманы жүргізу мен бақылаудың цифрлық модулін еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама жол саласын цифрландыруды жеделдетіп, құрылыс жұмыстарының ашықтығын, сапасын және тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар