Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда дәрігерлер 31 магнит жұтып қойған сәбидің өмірін сақтап қалды

15:54, 12 ақпан 2026

Алматыда Балалар жедел медициналық көмек орталығының дәрігерлері 31 магнит жұтып қойған 1 жас 9 айлық сәбиге шұғыл ота жасап, оның өмірін аман алып қалды, деп жазады Alash.KZ.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер тексеру барысында сәбидің асқазанында ондаған ұсақ магнит барын анықтаған. Жағдайдың күрделілігіне байланысты бірден операция жасау туралы шешім қабылданған.

Ота кезінде хирургтер магниттердің барлығын алып, асқазанды жуып-шайған. Сондай-ақ құрсақ қуысын тазартып, инфекцияның таралу қаупінің алдын алған. Дәрігерлердің айтуынша, уақытылы көрсетілген медициналық көмек баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.

Балалар жедел медициналық көмек орталығының хирургы Асқар Ризванов мұндай жағдайдың аса қауіпті екенін түсіндірді.

«Асқазанға бөлек-бөлек түскен магниттер бір-бірін тарта бастайды. Олардың арасында ішек қысылып, қан айналымы бұзылады. Соның салдарынан тіндер өліп, тесік пайда болуы мүмкін. Санаулы сағаттардың ішінде ауыр асқынулар дамиды. Өкінішке қарай, ата-аналар баланың жағдайы қаншалықты жылдам нашарлауы мүмкін екенін әрдайым түсіне бермейді», – деді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, тіпті бір ғана магниттің өзі баланың денсаулығына қауіп төндіреді. Ал бірнеше магнит жұту – өмірге тікелей қатер. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, дереу жедел жәрдем шақыру қажет.

Дәрігерлер ата-аналарды кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Әсіресе құрамында ұсақ магниттері бар ойыншықтар мен тұрмыстық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерге қою маңызды.

Қазіргі уақытта сәби дәрігерлердің бақылауында. Оның жағдайы тұрақталып келеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар