Алматыда QazNews24 сатиралық пабликтің авторы Темірлан Еңсебек ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автор осы уақытқа дейін сатиралық сарындағы контенттерді жарыққа шығарып келген, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желідегі жазба арқылы ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін парақшаның әкімшісіне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікпен пабликтердің бірінің авторы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бойынша күдікті жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Темірлан Еңсебектің ұсталып, үйіне тінту жүргізілгеніне көп әріптестері ашынды. Мұндай әрекетті олар сөз еркіндігін бұғаулап, адам хақын бұзу деп санайды.