Алматыда қоғамдық көліктің шамадан тыс толу мәселесі әлі шешілген жоқ. Қалалық көлік басқармасы автобустардың жетіспеуінен емес, жолдағы кептелістен кесте бұзылатынын алға тартады, деп жазды Alash.kz.
Басқарманың мәліметінше, желіге шығатын автобустар саны артқан, қозғалыс кестесі қайта қаралған, аялдамалардағы тұру уақыты қысқартылған. Алайда жол кептелісі салдарынан автобустар уақытында қатынай алмай, аралығы ұлғаяды. Соның салдарынан аялдамаларда жолаушылар жиналып, көлік іші лық толады.
Басқарма өкілдері жолдағы жағдай өзгермейінше, автобустар санын көбейту мәселені толық шешпейтінін айтады.
Ал автобустарға арналған арнайы жолақтар қайда?
Сайын көшесінде арнайы жолақ енгізілген пилоттық жобаның нәтижесі оң бағаланғанымен, кейін ол алынып тасталды. Ал Наурызбай батыр көшесіндегі автобус жолағының орнына веложолақ салынды.
Тимирязев көшесіндегі BRT жүйесін алып тастау мәселесі де әлі қарастырылып жатыр. Бұған дейін әкімдік арнайы жолақтың кесірінен көліктер әл-Фараби даңғылына ауысып, ондағы кептелісті күшейтіп жатқанын мәлімдеген.
Осылайша, автобустардың жиі әрі уақытылы жүруіне кедергі келтіретін кептеліс мәселесі шешімін таппай тұр. Ал қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарды қысқарту немесе алып тастау жағдайды қаншалықты жақсартатыны әзірге ашық сұрақ.