Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматы облысының әкімі Пхёнтхэк қаласының мэрімен Қонаевта кездесті

19:03, 28 тамыз 2025 97

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласының әкімі Чан Чан Сон Қонаевта кездесіп, іскерлік әріптестікті талқылады, деп жазады Alash.KZ Алматы облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесудің басында аймақ басшысы бұл сапардың екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.
«Биыл Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде мемлекеттеріміз көптеген салада сенімге негізделген шынайы әріптестік орнатты. Өткен жылдың маусым айында Корея Республикасының Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Сондай-ақ, елдеріміздің көшбасшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестікке бейілділігін растады», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Әкім облыстың әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырды. Оның айтуынша, Алматы облысы-Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен туризмнің ірі орталығы, қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасы рекордтық өсім көрсетіп, ЖӨӨ бойынша ел рейтингінде 10-орыннан 5-орынға көтерілген.

Облыста кореялық капиталдың қатысуымен бірқатар кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде. Соның ішінде KT&G компаниясының 80 млрд теңгеден астам инвестиция салып, 100-ден астам жұмыс орнын ашқан ірі жобасы бар. Болашақ бірлескен бастамалар үшін Алатау жаңа қаласының индустриялық аймағы мен «Алатау» арнайы экономикалық аймағы ұсынылды.

Марат Сұлтанғазиев инновациялар мен тұрақты даму бағытындағы жобаларға ерекше тоқталды. Облыста баламалы энергетика саласы белсенді дамуда, жел және су электр станциялары жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда ғылым, білім және жоғары технология орталығына айналатын академиялық қалашықтың құрылысы жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы кешенінде кореялық технологиялармен жүзеге асырылып жатқан «ақылды жылыжай» жобасы қолға алынған. Бұл жылыжайда құлпынай өсірілуде.

Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарға да ерекше мән берді. Өңірде 7,4 мыңнан астам этникалық кәріс тұрады. Олар Алматы облысының дамуына үлес қосып қана қоймай, Қазақстан мен Корея арасындағы достықтың «тірі көпірі» болып отыр.

Кездесу соңында Қонаев пен Пхёнтхэк қалалары арасында достық қатынастар мен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Алматы облысының әкімі жаңа құжат ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестіктің берік негізіне айналатынына сенім білдірді:
«Біздің ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түсетініне кәміл сенемін. Алматы облысы мен Пхёнтхэк қаласы арасындағы достық Қазақстан мен Корея арасындағы серіктестікті дамытуға лайықты үлес қосады деп ойлаймын», – деді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар