Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылында орналасқан қыстақта бір отбасының төрт адамы өлі күйінде табылды. Қайтыс болғандардың арасында бір жарым жасар сәби де бар, деп жазады Alash.KZ.
Жергілікті дереккөздердің хабарлауынша, отбасы оңаша орналасқан қыстақта тұрған. Туыстары бірнеше күн бойы хабарласа алмаған соң жағдайды білу үшін барып, үй ішінен барлық отбасы мүшесінің жансыз денесін анықтаған. Бұл туралы дереу полицияға хабар берілген.
Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдай ыстан улану салдарынан болуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталмаған. Қаза тапқандар — 1955 және 1974 жылы туған екі ер адам, 1984 жылы туған әйел және 1,5 жасар бала.
Ауыл тұрғыны Ерқанат Ақылдосовтың айтуынша, марқұмдар соңғы рет қаңтардың соңында ауылда көрінген. Пешке жағылған көмірдің тартпай, түтіннің үйге тарауы қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін. Үйге кірген кезде қою ыстың иісі сезілгені айтылған.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті 2 ақпанда Сарыбастау ауылындағы шаруа қожалығы аумағынан төрт адамның мәйіті табылғанын растады. Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, полиция департаменті және жергілікті атқарушы орган өкілдері барған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.