Алматыда қоғамдық орындарға QR-кодтары бар жапсырмалар таратып, есірткі сататын интернет-дүкенді жарнамалаған әйел ұсталды. Ол аялдамаларға күмәнді жарнамаларды жапсырып жүргені анықталды, деп жазады Alash.kz.
Күдіктіні ұстау кезінде одан есірткі саудасына қатысты 116 жарнама жапсырмасы, ұнтақ тәрізді зат салынған екі түйіншек және ұялы телефон тәркіленді. Сонымен қатар аялдамаға QR-коды бар тағы төрт жапсырма жапсырылғаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберіліп, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.
Полиция тұрғындарға көшелер мен қоғамдық орындарда кездесетін белгісіз QR-кодтарды сканерлемеуге кеңес береді. Ал есірткі саудасын жарнамалайтын немесе күдік тудыратын жапсырмаларды байқаған жағдайда, құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.