Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім грантына іліге алмаған талапкерлерге үндеу жасады. Ол конкурс нәтижесін соңғы шешім деп қабылдамауға шақырып, жоғары білімді тегін алудың басқа да мүмкіндіктері бар екенін айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Министр бұл туралы Telegram-арнасында жазды. Оның айтуынша, биыл 75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік білім грантына ие болды. Алайда грантқа аз ғана ұпай жетпей қалған талапкерлер де бар.
Саясат Нұрбек биыл грант конкурсына қатысушылар саны айтарлықтай артқанын атап өтті. 2025 жылы 113 мың өтініш қабылданса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 127 мыңға жеткен.
Министр мемлекеттік грант жоғары білім алудың маңызды мүмкіндігі болғанымен, жалғыз жол емес екенін, студенттер үшін тағы бір мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Оқу барысында босап қалған мемлекеттік гранттарға ақылы бөлімде оқып жүрген, академиялық көрсеткіші жоғары студенттер де үміткер бола алады.
Мемлекеттік грант - сөзсіз үлкен мүмкіндік. Бірақ ол жоғары білімге апаратын жалғыз жол емес. Бүгінде Қазақстанда қосымша қолдаудың тұтас жүйесі бар. Биыл университеттер 2 мыңнан астам ректорлық грант ұсынды. Тағы 2000-нан астам білім грантын әкімдіктер бөлді. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламалары, жеке қорлар мен ірі компаниялардың гранттары бар.
Мысалы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 грант ұсынады. KAZENERGY, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да ұйымдар өздерінің білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
Көпшілік біле бермейтін тағы бір мүмкіндік бар. Оқуға қабылданғаннан кейін жыл сайын мемлекеттік гранттардың бір бөлігі босайды. Сонымен қатар оқуын ақылы негізде бастап, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейін бос білім гранттарына үміткер бола алады, - деп жазды министр.
Саясат Нұрбек ата-аналарға да баласын грантқа түсе алмағаны үшін өзгелермен салыстырмауға шақырды.
Сондықтан бүгін ата-аналарға айтар кеңесім өте қарапайым.
Егер балаңыз грант иеленсе - қуанышын бірге бөлісіңіз. Өз еңбегінің шынымен бағаланғанын сезінсін. Ал грант ала алмаса - дәл бүгін оған сіздің қолдауыңыз бұрынғыдан да қажет болуы мүмкін. Оны өзгелермен салыстырмаңыз. Бір конкурсты үкімге айналдырмаңыз. Оның орнына университеттердің тізімін бірге қарап, қабылдау комиссияларына хабарласыңыздар, ректорлық, өңірлік және корпоративтік гранттар туралы біліңіздер. Келесі жолды бірге іздеңіздер, - деді Саясат Нұрбек.
Министр грант иегерлерінің тізімінен өз есімін таба алмаған талапкерлерге мойымауға кеңес берді.
Ал талапкерлерге айтарым: өмірлеріңізде әлі талай емтихан, конкурс, жеңіс және бірден жүзеге аспайтын сәттер болады. Бірнеше жылдан кейін студенттік жолыңыздың қандай нәтижеден басталғанынан гөрі, қандай маман және қандай адам болып қалыптасқаныңыз әлдеқайда маңызды болады.
Бір ғана тізімге арманыңыздың ауқымын анықтауға жол бермеңіз.
Болашақ студенттерді өмірдің жаңа кезеңінің басталуымен құттықтаймын. Ал бүгін мемлекеттік грант иегерлерінің қатарынан өз есімін таба алмаған талапкерлерге ең бастысы - тоқтамауды тілеймін. Кейде арманға апарар жол біз жоспарлағаннан сәл ұзағырақ болады. Бірақ бұл оның басқа бағытқа апара жатқанын білдірмейді, - деп түйіндеді сөзін Саясат Нұрбек.