Талдықорғанда босанғаннан кейін көз жұмған 22 жастағы Аяулым Асхатқызының өліміне қатысты іс бойынша марқұмның туыстары тергеудің созылып бара жатқанын айтып, қоғамнан қолдау сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Жас ана 2025 жылғы 10 желтоқсанда, сәбиі дүниеге келгеннен кейін бір ай өткенде қайтыс болған еді. Марқұмның туыстары Threads желісінде Аяулымның бойын дерт меңдеген кезде бірнеше рет медициналық көмекке жүгініп, жеті рет жедел жәрдем шақыртқанын мәлімдеді. Ведомстволық тексерулер емдеу барысында ереже бұзушылықтарды анықтап, комиссиялардың бірі бұл жағдайдың алдын алуға болатынын растаған. Алайда, істегі ең басты сот-медициналық сараптама осы күнге дейін созылып келеді.
«2026 жылғы 4 сәуірде комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалды, бірақ арада алты айға жуық уақыт өтсе де, ол әлі аяқталған жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының жауабына сәйкес, сараптама қосымша мамандарды тарту және олардың біліктілігін растау қажеттілігіне байланысты тоқтатыла тұрған», — деді Аяулымның туысы.
Марқұмның жақындары сараптаманың әдейі созылуы істің жабылып қалуына әкеп соға ма деп қауіптенеді.
«Әсіресе, қылмыстық іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тоқтатылуы мүмкін деп қорқамыз. Қылмыстық іс қозғалған сәттен бастап үш айлық мерзімнің аяқталуына өте аз уақыт қалды, сондықтан отбасы бұл жағдайды көпшілікке жария етіп, басты сараптаманың созылып жатқанына назар аударуды сұрайды», — деп атап өтті марқұмның жақыны.
Бұл жағдайға байланысты Жетісу облыстық полиция департаментінің өкілдері ресми жауап берді.
«Жетісу облысы полиция департаментінің Тергеу басқармасы аталған факті бойынша қылмыстық істі жан-жақты әрі объективті тергеуді жүргізіп жатыр. Заңда белгіленген тәртіппен қылмыстық қудалау органы сот сараптамасын тағайындады. Алайда тиісті профильдегі медицина мамандарының болмауына байланысты оны жүргізу қиынға соқты. Қазіргі уақытта сот-медициналық комиссиясын құру және сарапшылардың қорытындысын алу үшін қажетті шаралар қабылдануда», — деп хабарлады полиция өкілдері.
Істің барысын департамент басшылығы өз бақылауына алған, сараптама қорытындысы шыққан соң барлық мән-жайға құқықтық баға беріледі.
