Талғар қаласының әкімі қызметін атқарған Арыстанбек Әбілқайырұлы өз еркімен отставкаға кету туралы шешім қабылдады, деп жазады Alash.kz.
Қала басшысының өкілеттігін тоқтатуына оның денсаулық жағдайының нашарлауы себеп болған. Бұған дейін еңбек демалысында болған Арыстанбек Әбілқайырұлы өз шешімін былайша түсіндірді:
«Ең алдымен, маған сенім артып, сайлауға қатысып, дауыс берген баршаңызға алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз мен үшін үлкен жауапкершілік жүктеді.
Мен атқарған қызметімді денсаулығыма байланысты аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім мен үшін оңай болған жоқ. Денсаулығыма байланысты белгілі бір уақыт еңбек демалысында болдым. Осы жағдай қызметтік міндеттерімді толық әрі сапалы атқаруға кедергі келтірмеуі үшін осындай шешім қабылдауды жөн санадым. Дегенмен денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі, сондықтан осындай қадамға баруға тура келді.
Талғар қаласында 1 жыл 2 ай қызмет атқару барысында әлеуметтік-экономикалық дамуға, инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Әрбір бастама мен жобаның артында ортақ еңбек, бірлік пен сенім тұрғанын ерекше атап өткім келеді.
Осы ретте маған қолдау білдірген Талғар ауданының әкіміне, әріптестеріме, Талғар қаласының тұрғындарына және ақсақалдарына ерекше алғысымды айтамын.
Алдағы уақытта да Талғар қаласының дамуына бейжай қарамай, ел игілі жолындағы бастамаларға тілектес боламын. Қаламыздың болашағы жарқын, дамуы қарқынды боларына сенімдімін.
Баршаңызға амандық, зор денсаулық және табыс тілеймін!»
Арыстанбек Әбілқайырұлы Талғар қаласының әкімі ретінде TikTok әлеуметтік желісіндегі белсенді жұмысының арқасында көпшілікке танымал болған еді.