АҚШ президентінің резиденциясы орналасқан Ақ үйдің маңында кешкі уақытта қарулы қақтығыс орын алып, шабуыл жасаған ер адам құқық қорғау органдарының тарапынан оққа ұшты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға кезінде Ақ үйдің Солтүстік көгалында жұмыс істеп жатқан «ABC News» арнасының репортері Селина Ван қарулы шабуыл сәтін ұялы телефонына түсіріп үлгерген. Тәртіп сақшылары мен Құпия қызмет өкілдері резиденция айналасын бірден қоршауға алып, журналистерді баспасөз залына эвакуациялады, ал ғимарат ішіндегі қызметкерлер мен азаматтарға сыртқа шықпау бұйырылды. Атыс орын алған сәтте АҚШ президенті Дональд Трамп резиденция ішінде болған.
Әлеуметтік желі үшін бейнежазба дайындап жатқан сәтте оқ дауысын естіген тілші Селина Ван «X» парақшасында сол сәттегі жағдайды былай деп сипаттады:
«Біз бірнеше рет атылған оқтың дыбысын естідік. Өте көп сияқты көрінді. Осыдан кейін бізді шұғыл түрде баспасөз брифингі залына жіберді».
«CNN» арнасының таратқан мәліметіне сүйенсек, қауіпсіздік агенттері көгалдағы тілшілерге қауіпсіздік үшін «Жатыңдар!» деп айқайлаған. Алдын ала тергеу деректері бойынша, қақпаға жақын келген ер адам кешенге қарай оқ жаудырған, ал оған тойтарыс берген Құпия қызметтің оғынан шабуылшы мертікті. Оқиға салдарынан Вашингтонның бір тұрғыны зардап шеккен. Оқиғадан кейін Дональд Трамп құқық қорғау құрылымдарына ресми түрде алғыс білдіріп, өз мәлімдемесінде:
«Ақ үйдің маңындағы атқышқа қарсы жылдам әрі кәсіби әрекет еткені үшін біздің kereмет Құпия қызметіміз бен құқық қорғау органдарына алғыс айтамын», – деді.