Румынияның Бузэу қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы беделді халықаралық Балқан математикалық олимпиадасында (JBMO) бақ сынаған Қазақстанның ұлттық құрамасы ерекше жоғары нәтиже көрсетіп, әлемдегі ең мықты бес команданың қатарынан көрінді, деп хабарлайды Alash.kz.
Маусымның 15-і мен 20-сы аралығында ұйымдастырылған бұл білім бәйгесіне дүниежүзінің 23 мемлекетінен 138 мектеп оқушысы қатысқан болатын. Зияткерлік сайыста ел намысын қорғаған қазақстандық алты жеткіншектің барлығы дерлік жүлделі орындарға ие болып, қоржынға екі алтын, екі күміс және екі қола медаль салды. Осындай айтулы жетістіктің арқасында отандық мектеп оқушылары жалпы командалық есепте тек Румыния, Болгария және Франция мемлекеттеріне ғана есе жіберіп, төртінші орынға табан тіреді. Бұл тарихи жеңіс Қазақстанның әлемдік математика саласындағы жетекші позициясын тағы бір мәрте бекемдей түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша алтын тұғырдан Алматыдағы «Nurorda» мектеп-лицейінің шәкірті Айсұлтан Омар мен Маңғыстау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Сұлтан Төребек көрінді. Күміс жүлдені алматылық NIS тәрбиеленушісі Арнұр Кәрібай мен РФМШ оқушысы Темір Оразбек еншілесе, қола жүлде Түркістан облысындағы «Білім-инновация» лицейінен келген Ілияс Дінмұхамедұлы мен Павлодардағы №8 лицей-мектебінің шәкірті Әлихан Құрақбаевқа бұйырды.
Дарынды жастардың дайындығы мен олимпиадаға қатысу барысын халықаралық жарыстардың жеңімпазы Марат Нсанбаев пен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының маманы Перизат Саутбекова үйлестірді. Айта кетейік, еліміздің жасөспірімдер құрамасы аталған Балқан олимпиадасына 2004 жылдан бері тұрақты түрде қатысып, дәстүрлі түрде жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді.