Атырау облысында жұртты елең еткізген қайғылы жағдайға байланысты Жангелдин ауылына «Qazaq Airan» жобасының тілшісі арнайы барып, марқұмдардың жақындарымен тілдесіп қайтқан, деп жазады Alash.KZ.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиев журналистерге берген сұхбатында қаза тапқан ерлі-зайыптылардың мәйітін қалай тапқандарын егжей-тегжейлі баяндап берді.
Оның айтуынша, Алматы мен Астанадан келген құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге марқұмның үйі мен ауладағы үлкен сарай түнгі сағат үшке дейін мұқият тексерілген. Сол түні сарайдың есігі құлыпталып, келесі күні іздеу жұмыстары қайта жалғасқан.
— Ертеңіне сарайға қайта барып, ішіндегі барлық затты қарап шықтық. Іздеуге мен, Фаризат апам, Қанат пен Мұрат деген ағаларым, ауылдың бірнеше жасы және бір әскери қызметкер қатысты. Күртешенің қалтасына дейін тексердік. Сол кезде ауылдың бір ақсақалы: «Диванның астын неге қарамаймыз?» деді. Диванды көтеріп қарасақ, астына кілем мен линолеум төселген екен. Ашып көргенде, бұрын қатты стяжка болған жердің орны бос, жұмсақ топырақ екенін байқадық. Содан кейін ол жерді қазуға тура келді, — деді Шалқар Мұқанғалиев.
Оның сөзінше, біраз қазылған соң, ары қарай жұмысты арнайы топ жүргізуі қажет екені айтылып, барлығы сарайдан шығарылған. Кейін қазу барысын бақылау үшін ауылдың екі жасы кіргізілген.
— Бір метрден аса қазылғанда дененің белгісі шыққанын айтты. Содан кейін мені шақырды. Өз қолыммен ағамның денесін алып шықтым. Үй киімімен, нәскиі де шешілмеген күйде жатыр екен. Ағамды шығарып жатқанда астында тағы бір дене барын байқадым, ол жеңгем болып шықты. Екінші дененің иісі қатты болды, оны өзім алып шығуға шыдай алмадым. Ауылдың бір жас жігіті көмектесті. Алдымен жеңгемді, үстіне ағамды салып көміп кеткені анықталды, — деп еске алды марқұмның інісі.
Сұхбат барысында тілші Шалқар Мұқанғалиевтен марқұмдардың киімінде қан іздері болған-болмағанын да сұрады.
— Шынымды айтсам, қатты қобалжып тұрғандықтан, ондай ұсақ-түйекке мән бере алмадым. Денелердің бәрі топырақпен жабылған еді. Бірақ жеңгемнің үй киімінде, үстінде халат болғанын байқадым, — деді ол.