Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен «Сарыарқа» ауданы әкімдігінің өкілдері Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен арнайы кездесу өткізді, деп жазады Alash.kz Елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған бұл шара егде жастағы азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және оларды интернет-алаяқтар мен қаржы пирамидаларынан қорғауға бағытталған. Қазіргі таңда қала бойынша кибералаяқтыққа қатысты жүздеген іс қозғалып жатқандықтан, мұндай алдын алу жұмыстарының маңызы арта түсті.
Жиын барысында мамандар зейнеткерлерге күмәнді инвестициялық жобаларды қалай тануға болатынын және жеке мәліметтерді қалай сақтау керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Әсіресе, телефон арқылы хабарласатын алаяқтардың құрығына түспеу үшін цифрлық гигиена ережелерін сақтау қажеттілігіне баса назар аударылды.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері азаматтарды ақпараттандырудың маңызы туралы былай деді:
«Заңдылық пен құқықтық тәртіп әр азаматтың хабардар болуынан басталады. Біздің міндетіміз – ардагерлерге қаражатын және тыныштығын сақтауға көмектесетін білім беру».
Кездесу соңында қатысушыларға банк карталарын қауіпсіз пайдалану бойынша практикалық кеңестер беріліп, сұрақтарына жауап қайтарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта елорданың барлық ауданында жалғасын таппақ.