Кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов Forbes журналының 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар тізімінде 58-орынға көтерілді, деп жазады Alash.KZ порталы kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым дерегінше, кәсіпкердің қазіргі байлығы 160 миллион долларға бағаланған. Өткен жылы ол 130 миллион доллар капиталымен рейтингте 61-орында тұрған. Forbes Алагөзовтің байлығының артуына нақты қандай факторлар әсер еткенін ашып жазбаған.
Тұрсынғали Алагөзов – Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі алкогольсіз сусын өндірушілердің бірі саналатын GALANZ Bottlers компаниясының иесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы.
Айта кетейік, 2024 жылы кәсіпкер Шымкент сыра зауытын сатып алған. Ашық деректерге сәйкес, ол бұл өндіріс орнына 40 миллион доллар көлемінде инвестиция құйған.
Мәліметтерге қарағанда, Алагөзов 2026 жылы зауыттың өндіріс қуатын айына 10 мың тонна сыраға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.