Алматының әл-Фараби даңғылында орын алған, үш адамның өмірін қиған қайғылы жол апатына қатысты тергеу шаралары жалғасуда. Оқиғаға себепкер болған ZEEKR электромобилінің жүргізушісі қамауға алынып, тергеу изоляторына жеткізілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Құқық қорғау органдары аталған факті бойынша қылмыстық іс аясында жан-жақты тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Бұған дейін күдікті денсаулық жағдайына байланысты ауруханада арнайы күзеттің бақылауында болған еді. Алайда сот шешімі шыққаннан кейін ол емдеу мекемесінен тергеу изоляторына ауыстырылды. Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда оның іс-әрекетіне қатысты заңдық баға беріліп, қажетті сараптамалар тағайындалды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға биылғы 21 наурызда әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында орын алған болатын. Соқтығысу салдарынан үш азамат оқиға орнында тіл тартпай кеткен еді. Бұл іс қоғам арасында үлкен резонанс тудырып, қалалық полицияның жіті бақылауына алынды. Тергеу барысында апаттың барлық егжей-тегжейі анықталып, соңғы шешім қабылданатын болады.