Алматыда 3 адамның өмірін қиған Әл Фараби даңғылының бойында болған жол апатына қатысты сот отырысы басталды, деп жазады Alash.KZ
Алматы қаласында үш адамның өліміне әкеп соққан қайғылы жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі басталды. Сот залында мемлекеттік айыптаушы қайғылы оқиғаның мән-жайын оқып берді.
Айыптау актісінен мәліметтер:
Айыпталушы ретінде 1993 жылы туған Пак Александр Олегович танылды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы, 4-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың алкогольдік мас күйде жол қозғалысы ережелерін бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуы) бойынша айып тағылып отыр.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, оқиға түнгі сағат 03:30 шамасында болған. Айыпталушы А. Пак алкогольдік мас күйде (сараптама қорытындысы бойынша оның қанында 1,30 промилле этил спирті анықталған, бұл жеңіл дәрежедегі мас болуға жатады) өзінің «Zeekr 001» маркалы электромобилін басқарған. Сондай-ақ көлікке жалған мемлекеттік нөмірлер (100 KVA 02) тағылғаны анықталды.
Жүргізуші Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта сағатына 80 шақырымнан асатын жоғары жылдамдықпен келе жатып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Ол Медеуов көшесінің қиылысында қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, шығыс бағытта өз жолымен келе жатқан «Mercedes-Benz 300C» (мемлекеттік нөмірі 069 BON 05) автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Сараптама мамандарының есептеуінше, соққы сәтіндегі жылдамдық сағатына шамамен 219 шақырымды құраған.
Айыпталушы сот залында жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.
Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айрылуы мүмкін. Сот талқылауы жалғасып жатыр.