Алматы қаласында үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесінде жаңа фактілер ашылды, деп жазады Alash.kz.
Көлік тізгініне мас күйінде отырып, сағатына 219 шақырым жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып кеткен «Zeekr» электромобилінің жүргізушісі Александр Пакты қаза тапқандардың жақындары толықтай кешірген. Дегенмен, Алматы қалалық Полиция департаменті қайғылы оқиғаның алдында болған ауқымды отырысты жасыруға тырысып, жалған жауап берген күдіктінің төрт танысына және мас досының рульге отыруына жол берген полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, күдіктінің достары алғашқы жауап алу кезінде оның ешқандай ішімдік тұтынбайтынын айтып, қорғауға тырысқан. Алайда медициналық сараптама мен олар отырған мекеменің 480 мың теңгелік шотын тексеру барысында бұл ақпараттың жалған екені белгілі болды. Сондай-ақ сол күні олармен бірге жұмыстан тыс уақытта көңіл көтерген тәртіп сақшысы досының мас күйінде элиталық көлікті тізгіндеуіне кедергі жасамағаны үшін «Қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша айыпталуда. Бұдан бөлек, апат кезінде көліктегі жалған нөмірлерге назар аудармаған өзге де полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Оқиғадан кейін бірден кінәлі азаматты 25 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен жәбірленуші тараптың ұстанымы қазір түбегейлі өзгерген. Қаза тапқан 22 жасар қыздың анасы мен «Mercedes-Benz» жүргізушісінің қарындасы сотталушыны толықтай кешіріп, оның материалдық және моральдық шығындарды толық өтеп бергенін мәлімдеді. Тіпті марқұмдардың туыстары соттан А. Пакты бас бостандығынан айырмай, шартты жазамен шектелуді сұрап отыр. Осыған байланысты жәбірленушілер бұған дейін өз мүдделерін қорғап, 100 миллион теңге көлемінде шағым дайындаған адвокаттардың көмегінен де ресми түрде бас тартқан.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 21 наурызына қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан «Mercedes» жүргізушісі мен екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапқан болатын. Бұл оқиға қоғамда үлкен наразылық тудырып, тергеу барысын Мемлекет басшысы өз бақылауына алған еді. Қазіргі уақытта денсаулығына байланысты сотқа онлайн қатысып жатқан Александр Пак өз кінәсін толық мойындады, ал сот отырысы жәбірленушілердің талабы бойынша БАҚ өкілдеріне фото және видео түсірілім жасауға тыйым салынған жабық форматта өтуде.