Белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы қайтыс болған ұлын еске алды, деп хабарлады Alash.kz ұлттық порталы madeniportal.kz-ке сілтеме жасап.
Ақынның айтуынша, марқұм ұлының достарының түсіне кіріп, әкесіне баруын сұраған. Марқұмның әкесі баласының достарымен мешітке барып құран бағыштап қайтқан.
«Бүгін марқұм Әлихан батырымның сыныптас достары Ерасыл мен Бексұлтан мені жұмысқа іздеп келіпті. Айтуларынша, Әлихан түстеріне кіріп «әкеме барыңдар» депті. Сосын екеуін ертіп Әлихан құранның әліпбиін үйренген «Әзірет Сұлтан" мешітіне бардық. Достарына баламның дін ілімін оқыған бөлмелеріін көрсетіп, рухына құран бағыштадық. Ерасыл Астана IT университетінде инженерлік мамандықта, Бексұлтан Астана Медицина университетінде хирург мамандығында бірінші курста оқып жатыр. Әлиханымның жетпеген биігін осы балапандарға нәсіп етсе екен деп Алладан тілеймін! Достарын ұмыта алмай жүр ғой, айналайындар», - деді ақын Серікзат Дүйсенғазы.