Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Әкем - текті, тұрмысқа шыққанда әкемнің тегінде қалдым". Қарақат Әбілдина өзі жайлы "текті әулеттің қызымын" деп жазба жазды

15:21, 28 ақпан 2026

Қазақстандық әнші Қарақат Әбілдина өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында фамилиясының шығу тарихын айтып, көпшілік біле бермейтін отбасылық шежірені бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.

Өнер иесінің жазуынша, «Әбілдина» тегі 1928–1932 жылдардағы ашаршылық кезеңімен байланысты. Сол жылдары арғы атасы Әбілдә бар баласынан айырылып, зайыбымен бірге қайғы жамылған. Осы кезде Қарақаттың атасы Аманжол тұңғышы Түлкібайды (әншінің әкесін) Әбілдә қарияға аманат етіп берген.

Сөйтіп, жеті ағайындының бірі Әбілдин болып жазылып, қалғандары Аманжол тегінде қалған. Әншінің айтуынша, бұл жай ғана фамилия ауыстыру емес, бір әулеттің екінші әулетке тірек болған сәті, үзілгелі тұрған үміттің қайта жалғануы.

1997 жылы туыстары балалардың тегін қайтадан Аманжолға ауыстыруды ұсынған. Алайда Қарақаттың әкесі Түлкібай бұл ұсыныстан бас тартып, «жетім шалды ұмытып кетті» деген сөзге қалғысы келмегенін айтқан.

Әнші әкесінің осы ұстанымын тектілік пен аманатқа адалдықтың үлгісі деп бағалады. Оның сөзінше, «Әбілдина» тегі – өзіне жүктелген жауапкершілік.

«Әкемнің тектілігі – бізге мирас. Әбілдина деген фамилия маған берілген аманат. Осы атқа кір шалдырмай, тек жақсы атын шығару бұйырсын», – деп жазды Қарақат Әбілдина.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар