QazaqAiran арнасына берген сұхбатында әнші Саят Медеуов ата-анасының өмірден өтуі туралы алғаш рет ашық айтып, олардың қазасын «саясаттың құрбаны» деп атады. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Өнер иесі пандемия кезіндегі ауыр кезеңді еске алып, ата-анасының жаназасында не себепті көпшілік болмағаны жайлы сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, ойын ашық айтуға қорыққан.
«Айтайын десем, қорқам. Ертең сөзім бұрмаланып кетпей ме деп алаңдаймын. Бір емес, үш рет “әкем мен шешемнің дүниеден озғанына шүкір” дедім. Дұрыс па, бұрыс па деп ойландым», – деді әнші.
Саят Медеуов 2021 жылы өзі де коронавирус жұқтырып, ауыр халде болғанын айтты. Ауруханада жатқан сәтінде ата-анасының өзінің қиналғанын көрмегеніне тәуба еткенін жеткізді.
«Әкем мен шешем менің осылай қиналып жатқанымды көрмеді ғой деп ойладым. Менің өлгенімді көрмейтін болды дедім», – дейді ол.
Сондай-ақ 2022 жылы жол апатына түскен кезде де дәл осындай ой келгенін жасырмады. Әншінің пікірінше, ковид – әлемдік саясатпен байланысты құбылыс, ал сол кезеңде өмірден өткен жандар «саясаттың құрбандары» болған.
«Сол кезде дүниеден озғандардың бәрі – сол саясаттың құрбандары. Әкем мен шешем жұмақтық шығар», – деп түйіндеді Саят Медеуов.