Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ажардың ащы зары мен өкініші қосылғанда...»: Роза Әлқожа тосын мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

17:08, 20 қазан 2026

Белгілі әнші Роза Әлқожа өзі жазған кеңінен танымал «Сағындым сені» туындысының тарихы мен оның жаңаша түрленіп, екінші өмір алуы туралы әлеуметтік желідегі парақшасында сыр бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.

Өнер иесі бұл әнге кезінде дем беріп, оның халық арасына таралуына себепкер болғанын еске салды. Оның айтуынша, туындының әу бастағы шығу төркіні кіршіксіз таза сезім мен бала жүректің сағынышынан бастау алған. Кейін, Оразалы Досбосынов пен Ажар Түзелбекқызының өмір тарихын еске түсіріп, жанды жылытатын жырға айналған бұл әуен қазақ, қырғыз және кабардин-балкар халықтарының репертуарына еніп, бүкіл түркі дүниесін тамсандырған ірі шығарма болды. Әнші әрбір музыкалық туындының өз тағдыры болатынын айтып, оның табиғатын төмендегідей төл сөзімен түсіндірді:

«Әр ән – тірі организм. Ол өмір сүреді, өзінің тағдыры бар. Бағы бар, соры бар. Әр әннің түлеуіне, түрленуіне жол беру керек! Ол әртүрлі орындауда құлпыра береді, жаңа мазмұн алады. Әркім өзіне керек нұсқаны қабылдайды. Менің ән жайлы пікірім осылай. Бұл әнді қазақ-қырғыз, кабардина балкар елі орындайды. Түрік дүниесі тамсанған ән әу баста бала жүректің сағынышы еді. Таза сезімнің тұмасы болғандықтан да талайларды тербеді. Оған Ажардың ащы зары мен өкініші қосылғанда бар әттеңнің әйдік нотасын басты. Бұл сор мен бақтан тұратын тірлік-тепкінің шындығы еді…», – деп жазды әнші.

Сонымен қатар Роза Әлқожа бұл шығарманың бүгінде де сұранысқа ие болып, жаңа тыныспен шырқалып жүргеніне қуанышты екенін жасырмады. Майра Ілиясова Серікбол Сайлаубекпен бірге дуэт айтуды ұсынған кезде, өнер иесі ойланбастан дәл осы халық сүйіп тыңдайтын туындыны таңдауға кеңес берген. Ол эстрада өкілдерінің орындауындағы жаңа нұсқаға оң бағасын беріп, өз жазбасын былайша түйіндеді:

«Енді Майра апамыз Серікболмен ән айт дегенде осы әнді ұсындым. “Сағындырған әндер-айда” елдің сағынып тыңдайтын әнін неге орындамасқа?! Серік інімнің зор дауысымен ән басқа бір кеңістікке алып кеткендей!», – деп ойын білдірді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар