Қызылорда облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізуші мен оның жолаушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Желіде тараған бейнежазбадағы алдыңғы орындықта отырған жолаушыны қолданушылар танымал әнші Мөлдір Әуелбекова деп таныған еді. Кейін осы видеоға байланысты тәртіп сақшылары тексеріс жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтады.
Полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде рөлде отырған жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны әрі көлік басқарып келе жатып ұялы телефонды пайдаланғаны түсірілген кадрлар көзге түскен.
Тексеру барысында 38 жастағы жүргізушінің бұл ереже бұзушылықтары толық расталды. Мұнымен қоса, көлік ішіндегі жолаушылардың да қауіпсіздік белдігін тақпай отырғаны белгілі болды.
«Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізуші мен жолаушының міндеті. Қауіпсіздік белдігін тағу ауыр зардаптардың алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану жүргізушінің назарын жолдан аударып, жол-көлік оқиғасының туындау қаупін арттырады. Азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз», – деп мәлімдеді Қызылорда облысы полиция департаменті.