Әлеуметтік желіде айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов қазақстандық рэпер Еңлік Құрарбектің Bipl атты әнінің мәтініне қатысты пікір білдіріп, басы дауға қалды деп жазады Alash.KZ.
Ақынның айтуынша, ән сөздерінде нақты мағына жоқ.
Араға көп уақыт салмай, сынға әншінің өзі жауап қатты. Yenlik лақап атымен танымал рэпер ақын келтірген жолдардың қате екенін айтып, ән мәтінінің дұрыс нұсқасын ұсынды.
Соған қарамастан, Жандарбек Бұлғақов әрбір өнер адамы сынға дайын болуы тиіс екенін атап өтті әрі қазақ тіліне алаңдайтынын жеткізді. Ал Еңлік Құрарбек оның шығармашылығымен толық танысқан тыңдарман әндердің мағынасын түсінетінін айтты. Ол мәтінде қате бар екенін мойындағанымен, шын ниетпен ескерту жасағысы келсе, оны ашық желіде мысқылдамай, жеке түрде айтуға болатынын жеткізді.
Әнші мен ақын арасындағы бұл пікір алмасу әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Көпшілік айтыскерден мұндай қадам күтпегенін айтып, керісінше қазақ қыздарын қолдау қажет деген пікір білдірді.


Еске салайық, Yenlik атымен танылған қазақстандық рэпер Еңлік Құрарбек жақында халықаралық Colors музыкалық жобасының жаңа шығарылымына қатысқан болатын. Бұған дейін аталған жоба аясында Billie Eilish, Drake, Doja Cat, Tyla, Joji, Kali Uchis, Daniel Caesar сынды әлемге танымал орындаушылар өнер көрсеткен.