Солтүстік Қазақстан облысының Полтавка ауылында тұрғын үйде болған өрт салдарынан үш адам қаза тапты. Марқұмдар – 58 жастағы үй иесі және 44 пен 46 жастағы екі ер адам. Тергеу дерегінше, оқиға қасақана жасалған қылмыстың салдары болған. Бұл туралы Alash.kz хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, 50 жастағы күдікті азаматтық некедегі әйелін қызғанып, үйдегі ер адамдармен жанжалдасқаннан кейін тұрғын үйге өрт қойған. Қаза тапқан ер адамдардың бірі – қонақта болған азамат, екіншісі – әйелдің күйеу баласы.
Өрт кезінде 35 жастағы әйел үйден терезе арқылы шығып үлгерген. Оған ауыл тұрғыны көмек көрсеткен. Әйел күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтіру») бойынша іс қозғалды. Тергеу барысында қаза тапқан әйелмен бірге тұрған жергілікті қойшы күдікті ретінде ұсталды.
Іс Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды. Сот күдіктіні үш адамды қасақана өлтірді және адам өлтіруге оқталды деп танып, оны орта қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде 25 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, сот үкімімен айыпталушыға маскүнемдіктен мәжбүрлі ем қабылдау міндеттелді.