Ұлты қарақалпақ, Өзбекстан азаматы Ақылбек Нарбаев адам құқығын қорғаушылардан отбасымен қауышуына көмектесуді сұрайды. Бұл туралы ALASH.KZ “Настоящее время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір ол Қырғызстанда жүр және отанына қайта алмайтынын айтады: себебі, қарақалпақ қозғалысын қолдағаны үшін түрмеге жабылуы мүмкін.
Ал жұбайы – Қазақстанда, бірақ Ақылбекті бұл елге кіргізбей отыр: өткен жылы оны көші-қон ережелерін бұзғаны үшін елден шығарып жіберген. Алты жастағы ұлы Өзбекстанда қалған: ол жақта баласына туыстары қарап жатыр.
Ақылбек – Өзбекстанның Навои облысынан шыққан. Жұбайымен бірге 2022 жылғы Қарақалпақстандағы жаппай наразылықтар мен ұлттық қарақалпақ қозғалысы белсенділеріне қарсы қозғалған қылмыстық істерден кейін елден кеткен.
Бастапқыда Ақылбек пен жұбайы Алматыға тұрақтаған. Алайда былтыр қыркүйекте Нарбаевты ұстап, көші-қон заңын бұзды деген себеппен Қазақстаннан шығарған.
Ақылбектің әйелі Қазақстанда қалған, ал Ақылбектің соттан кейін Қырғызстанға кетуден басқа амалы болмады. Ол өзін Қазақстаннан тек көші-қон тәртібі үшін емес, Өзбекстан билігінің сұранысы бойынша қарақалпақ белсендісі ретінде қуып шықты деп есептейді.
Оның айтуынша, Қазақстан билігі Қарақалпақстандағы наразылықтардан кейін елден кеткен көптеген қарақалпақтарға дәл осылай істеген.
Ол Өзбекстанға қайта орала алмайтынын айтады. Себебі, ата-анасының үйіне өзбек арнайы қызметі мен прокуратура қызметкерлері жиі келіп, Ақылбек жайлы сұрау салады.
Нарбаев Өзбекстанда билік тек қарақалпақ ұлттық қозғалысын ғана басып қоймай, қарақалпақтарды өзбектермен күшпен ассимиляциялау саясатын да жүргізіп отырғанын алға тартады.
Ақылбек елден кеткеннен бері алты жасар ұлын көрмегенін айтады: қазір бала Өзбекстанда, оның ата-анасының қарауында.