Таразда мектептегі қатарласын ұрып көзін шығарған оқушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz КТК ақпаратына сүйеніп.
Жәбірленушінің анасы бір топ төбелеске қатысы бар өзге балалардың жазадан сытылып кеткеніне наразы. Сотталушы жасөспірім қанша жыл жаза арқалады?
Дені сау баланы мүгедек еткен оқиға сәуір айында мектеп дәретханасында болған. Жанжал кезінде көзінен қатты соққы алған Дамир Сұраншиев бір жанарынан айырылған. Тергеуде соққы салған оқушының кім екені анықталып, сараптама қорытындысымен расталған. Сот оның кәмелетке толмағанын ескеріп, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Жамбыл облысы, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты:
— Сот сотталушының кәмелетке толмағанын және кінәсін ішінара мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мектепке сау барып, мүгедек болып қайтқан баланың анасы сот шешіміне келіскенімен, топ болып шабуылға қатысқан өзге балалар жазасыз қалды деп отыр. Ол бұзақылар түгел жазаланбайынша, райымнан қайтпаймын дейді.
Зухра Кәрімова жәбірленушінің анасы:
— Топ болып жасалған шабуыл екенін біз әу бастан айтып келе жатырмыз. Ол бәріне белгілі. Топпен жасалған шабуылдан тек бір балаға 7 жыл берді. Мен келісемін, мен ойлаймын, бұл әділдік болды деп. Бірақ қалған қатысушыларды қудалауды тоқтатпаймын.
Қазір емін-еркін жүруден қалған баланың анасы алдағы күрделі отаға дайындалып жатқанын айтады. Баланың көзін қалпына келтіру үшін бұған дейін алты рет операция жасалыпты. Алайда жасөспірімнің көру қабілеті қалпына сол күйі келмеген.