Белгілі продюсер, әнші Қыдырәлі Болман әлеуметтік желідегі парақшасында оқыс жағдайға тап болғанын айтып, жазба жариялады деп жазады Alash.kz.
Өнер иесінің айтуынша, ол атқа міну кезінде жарақат алған. Қыдырәлі Болман бұл жағдайдан аман қалуына Алланың сақтауы себеп болғанын айтып, оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндады.
«Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Ерекше мейірімді Алла сақтады. Атқа мініп өскен баламыз… “Сырын білмеген аттың, сыртынан жүрме” деген», – деп бастады ол жазбасын.
Әншінің сөзінше, белгісіз себеппен аты кенет үркіп, басымен оның басынан соққан. Салдарынан ол «нокдаун» алып, атты тоқтатуға тырысқан. Бірақ жануар одан сайын мөңкіп, қауіпті жағдай туындаған.
«Лақтырып тастап, шауып жөнелсе, аяғың үзеңгіде, басың жерде қалады. Бар ойым – үзеңгіден шығып кету болды», – деп жазды ол.
Қыдырәлі Болман бұл күні ұлдарын қала сыртына алып шығып, атқа мінгізіп, ер жігіттік рухын көтергісі келгенін айтты. Алайда жуас емес, асау аттың өзі мінісіне түскен.
Ол жерге қатты құлап, өкшесінен жарақат алған. Дәрігерлер сүйектерінің шытынағанын анықтап, гипс салған.
Соған қарамастан, әнші алдағы Алматы қаласындағы концертінің кейінге шегерілмейтінін айтты.
«Бірақ бұл жағдай Алматыдағы концертке еш кедергі болмайды! Санаулы күндер қалғанда кішігірім сынақ болды бұл. Елімнің алдына еңбектесем де шығамын анық», – деп әзілмен жазды ол.
Өнер иесі тыңдармандарын алдағы концертіне шақырып, бұл жағдайдың шығармашылық жоспарына әсер етпейтінін жеткізді.