Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Аяғым ауыр екенін білгенде қатты жыладым: 50 жасында босанған ана өз хикаясын баяндап берді

10:30, 17 қыркүйек 2024 3868

50 жасында екінші сәбиін өмірге алып келген Назгүл есімді кейіпкер Stan.kz тілшісіне сұхбат берді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Назгүл 25 жасынан бастап ЭКО жасатқан. Ол екі рет сәтсіз аяқталып, тек үшіншісінде тұңғыш баласына жүкті болған. 

“Отаға жарты сағат қалғанда суррогат ананың бала көтере алмайтынын білдік”

“Баламды 32 жасымда босандым. Ұлым үнемі өзінің жалғыз екенін айтып, бауыры болғанын қалайтын. Сөйтіп ЭКО жасатудан жалыққан жоқпын. Алайда алтауы сәтсіз аяқталды. ЭКО жасатып жүріп болмаған соң суррогат ана жалдадым. Оның шығынын өтеп, келіскен қаражаттың жартысын төледім. Суррогат ананың денсаулығын тексерттік. “Барлығы жақсы, ЭКО жасатуға болады” деді. Кейін эмбрион салуға дайындалып, отаға жарты сағат қалған кезде суррогат ананың бір анализі дұрыс болмай қалды. Дәрігерлер ол әйелдің бала көтере алмайтынын айтты”, – дейді Назгүл.

Кейіпкеріміздің айтуынша, ол келісіп қойған суррогат анаға алдын ала жарты ақшасын беріп қойған. Алайда ол жүкті бола алмайтынын білген соң қаражатты қайтарудан бас тартқан. Ақшадан да, суррогат анадан да айырылған Назгүл дел-сал күйге түскен. Сонда дәрігер суррогат анаға салыну керек болған эмбрионды өзіне салуды ұсынды. 

“Не істерімді білмей отырғанда дәрігер ұрықты маған салуға болатынын айтты. Алты ЭКО сәтсіз өткен соң жүрегім әбден шайлығып қалған. Өйткені әр ЭКО жасатқан сайын стресс аласың. Жалпы 8 ЭКО сәтсіз аяқталған еді. Ойланып қалдым. Дәрігер тексеріп, қарады. Бәрін түсіндіріп болған соң дәрігер “Қандай жағдай болмасын, сіз бала көтересіз” деді. Маманның осы бір сөзі маған қатты әсер етті әрі демеу болды. Сол сәтте екі ұрық болды. Дәрігер алдымен бір эмбрионды салып көрейік деді. Ол сәтсіз аяқталған жағдайда екіншісін саламыз деді. “Денсаулығым жарай ма?” деген сұрағыма ол “Денсаулығыңызда ешқандай кінәрат жоқ, еш кедергісіз бала көтеруге болады” деп жауап берді. Өзім оған дейін толықтай анализ тапсырған едім”, – дейді кейіпкеріміз.

Назгүл осы уақытқа дейін денсаулығына еш шағымы болмағанын айтады. Жүкті болып, оның жеңіл әрі еш қиындықсыз өткені сөзсіз жақсы әсер етті деп санайды. 

“Ешқандай аллергиям жоқ, еш жерім ауырмайды, қан қысымым мазалап көрмепті. Жасым 50-ден асса да басымда бір тал ақ шаш жоқ. Бірақ мен 50 жаста босану дегеннен қорыққан емеспін. Сөйтіп 2023 жылы 3 маусымда маған ұрық салды. 9-ы күні АХГ (адамның хорионикалық гонадотропині) тапсырсын деді. Оның нәтижесі 212 деп шықты. Сөйтіп мейірбике хабарласып: “Сіз 100 пайыз бала көтердіңіз, құттықтаймын” деді. Сол күн әлі есімде. Қуанышты хабарды естігенде аулада тұрып жарты сағат жылағанмын. Сол сәтті ешқашан ұмытпаймын. Осылайша жетінші ЭКО сәтті аяқталып, қызыма жүкті болдым. 50 жасымда қызымды дүниеге әкелдім”, – дейді Назгүл толқынысын жасыра алмай.

Кейіпкеріміз жүктілігінің жеңіл өткенін айтты. Қызының мерзімінен бұрын дүниеге келгені болмаса, еш қиналған жоқпын дейді. 

“Жүктілігімнің 16 аптасында Түркияға теңізге барып дем алдым. Жүктілік кезінде ешқандай қиындық болмады, ауырған да жоқпын. Негізі жүктілік ауру емес. Дәрігер берген дәрумендерді  уақытылы ішіп жүрдім. Жасым 50-де болған соң кесарь тілігін жасап, босандырып алды. Бірақ менің ішімде су көп болды. Сондай-ақ нәресте ірі болып туылды. Сөйтіп 2023 жылы 18 желтоқсанда қызым 7 айлық болып дүниеге келді. Аллаға шүкір, қазір қызымның денсаулығы жақсы. Қызымыздың есімін Томирис қойып, дүркіретіп той жасадық. Бесік тойымызды атап өттік. Босанғаннан кейін де айтарлықтай күтім қажет болмады. Көбі әйел босанған соң тісі босайды, ағзасы қалпына келу үшін біраз уақыт керек деп айтып жатады ғой. Мен ауырған да жоқпын, тісім босап, түскен де жоқ. Үйде барлық жағдай жасалған, қиналған жоқпын. Күйеуім, балам, жақын туыстарымның тарапынан да қолдау болды”, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып. 

“Ұлыма “өз қызың деп сана, біздің аманатымыз” деп тапсырамыз”

Назгүлдің айтуынша, еліміздегі емханаларда дәрігерлер өз жасындағы әйелдер жүкті болып барса қабылдағысы келмейтіндей көрінеді. “Неге суррогат ана жалдамайсыз?” деген сұрақтар қояды екен.

Десе де, Назгүл ханым мұндай қадамға да ойланып бару керегін айтады. Жас айырмашылығы бәрібір маңызды деп ойлайды.

“Бірде Салтанат Байқошқарованың сұхбатын көріп қалдым. Ол 50 жастан кейін әйелдерге “бала көтерер алдында ойланыңыздар” деп ескертіп жатыр екен. “50 жаста бала тудыңыз делік. Ол 20-ға келгенде сіз 70 жаста боласыз. Сонда кім үшін тудыңыз?” дейді. Бұл сөзіне келіспеске болмайды. Менің ұлым қазір 19-да. Қызым 8 айлық. Екеуінің арасы 19 жыл. Екі балама қазірден бастап үй алып, болашақта қиналмайтындай жағдайын жасап қойдық. Оны да ойланған дұрыс. Ұлыма қызымды “Өз қызың деп сана, біздің аманатымыз” деп қазірден бастап табыстап отырамын”, – дейді ол.

“52 жасымда тағы да ЭКО жасатамын”

Кейіпкеріміз соңғы ЭКО жасағанда шамамен 3 миллиондай қаражат кеткенін айтады. Сондай-ақ алдағы уақытта да ЭКО жасатпақ. Келіншек соңғы ұрықты салдырып, үшінші перзентін дүниеге әкелуді жоспарлап отыр.

“Қазір 51-демін. Енді тағы бір эмбрионым бар. Оны келесі жылы 52 жасымда шілде айында салдырамын деп жоспарлап отырмын. Дәрігерлер кесарь тілігімен босандырып алғандықтан келесі эмбрионды тек 18 айдан кейін салуға болатынын айтты. Уақытылы дәрігерлерге қаралып, денсаулығымды тексертіп отырамын. Гинеколог маман бала көтеруге денсаулығым жарап тұрғанын айтты”, – дейді Назгүл.

19 жылдан кейін 50 жасында екінші рет сәби сүйген Назгүлге хабарласып кеңес сұрайтын қыз-келіншектер көп екен. Айтуынша, бала көтере алмай, ЭКО жасатқан келіншектер өзімен байланысын үзбейді. Кейіпкеріміз білгенін айтып, ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар