Ақтөбеде Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген 18 жастағы сарбаздың ұрып-соғылғаны туралы арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Ақтаудан әскерге шақырылған Досымбет есімді сарбаздың анасы ұлының бірнеше күн бойы ауруханада жатқанын 4 қыркүйекте білгенін айтқан. Оның сөзінше, алдымен сарбазды уролог тексеріп, кейін травматолог қараған. Дәрігер медициналық мәселелердің дене жарақатымен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан.
Анасының мәлімдеуінше, ұлы әскери бөлімде бірнеше рет соққыға жығылғанын айтқан. Кейін ол бейнебайланыс кезінде өзін аға сержант пен тағы екі сержант ұрғанын жеткізген. Травматолог полиция шақырып, сарбаз құқық қорғау органдарына арыз жазған.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы аталған факті бойынша тергеу басталғанын растады. Істі ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі қарап жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, қызметтік тексеру жүргізілуде.
«Тергеу нәтижесінде оқиғаға құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді ведомство.
Қазіргі уақытта Досымбет ауруханада жатыр. Оның әскери бөлімде қызмет атқарғаны да расталды. №6655 әскери бөлімі Ақтөбе қаласында орналасқан Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің бірі.