Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында орын алған атышулы өлім апаты бойынша жәбірленуші тарап адвокат Олег Чернов пен оның заңгерлер тобының тегін көмегінен ресми түрде бас тартты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот процесі барысында істің ашық әрі әділ өтуін талап етіп келген қорғаушылар бұл шешімді түпкілікті деп таныды. Бұған дейін жәбірленушілердің мүддесін тегін қорғаған заңгерлер өздерінің басты мақсаты қайғылы оқиғаның ақ-қарасын толық анықтау болғанын жеткізді.
Адвокат Анна Чернова өзінің Instagram парақшасында бұл жағдайға қатысты былай деп жазды:
«Іс бойынша жұмыс істеген уақыт ішінде біз трагедияның барлық мән-жайларын толық әрі жан-жақты зерттеу қажеттілігі туралы позициямызды дәйекті түрде қорғап келдік. Дәл соңдықтан біз куәгерлерді шақыруды талап еттік, ыңғайсыз сұрақтар қойдық және әрбір детальдың тексерілуін сұрадық».
Қорғаушылар тараптың не себепті бас тартқанынан бейхабар, алайда бұл қадам жасалған уақытта екі жақтың татуласу процесі аяқталуға жақын қалған еді.
Заңгерлер тобы бұл туралы өз мәлімдемесінде:
«Қабылданған шешімге нақты не себеп болғанын білмейміз, бірақ барлық жәбірленушілердің өтемақы алғанын, сотталушымен татуласқанын және соттан оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрағанын айтпай кетуге болмайды», — деп атап өтті.