Атырауда танымал блогер, афроамерикалық азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қызы интернеттегі трендке түсірілген бейнежазбасы үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды Alash.kz.
Видеода жүргізуші көлік қозғалысы кезінде әзіл ретінде рөлді әдейі босатып, жол қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекет жасағаны көрінеді.
Полиция аталған дерек бойынша Toyota Camry көлігінің жүргізушісіне бірнеше әкімшілік баппен хаттама толтырған. Атап айтқанда, құжаты жоқ әрі көлік басқару құқығынсыз тізгінге отыру, маневр жасау талаптарын бұзу және қауіпсіздік белдігін тақпау фактілері тіркелген. Сондай-ақ жолаушыға да жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылған.
Блогер Заида Онуора айыппұлдың орынды екенін айтып, оны отбасымен бірге төлеп қойғанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, видео түсірер алдында айналада адам мен көлік жоқ екеніне көз жеткізген. Алайда бұл жайт жасалған әрекетті ақтамайтынын да мойындаған.