Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Әбиба Әбужақынова спорттағы карьерасын аяқтай ма?»: Дзюдошы тосын мәлімдеме жасады

13:39, 26 наурыз 2026

Қазақстандық танымал дзюдошы Әбиба Әбужақынова жеке өміріндегі өзгерістерге байланысты спорттан кетеді деген қауесетке нүкте қойып, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп жазады Alash.kz. 

Спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне жауап беріп, үлкен спорттағы жолын жалғастыратынын ресми түрде растады. Бұл туралы ақпарат спорт сүйер қауым арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Осыған дейін дзюдошы сүйіктісінен үйлену туралы ұсыныс алып, оған келісімін берген болатын. Осы оқиғадан кейін желі қолданушылары спортшының тұрмысқа шығып, мансабын аяқтауы мүмкін екенін талқылай бастады. Алайда Абиба Әбужақынова өзінің Instagram сторисінде бұл болжамдарды жоққа шығарып, жаңа белестерді бағындыруға ниетті екенін жеткізді.

Спортшы өзінің болашақ жоспарын нақтылап:

«Мен әлі спорттан кеткен жоқпын, тағы 3-4 жыл күресемін, ИншаАллах. 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына барамын», – деп жазды.

Бұл мәлімдеме оның алдағы төртжылдықтың басты додасына дейін татамиде қалатынын және дайындығын тоқтатпайтынын көрсетеді.

Қазіргі таңда Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік деңгейдегі үздік балуандардың бірі болып табылады. Ол Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) рейтингінде көш бастап тұр. Оның спортта қалуы ұлттық құрама үшін маңызды жаңалық болып саналады, себебі спортшы алдағы халықаралық турнирлерде ел намысын қорғауды жалғастырады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар