Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Абайсызда өлтіріп алғанын айтқан". Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот шешімі жарияланды

21:46, 25 ақпан 2026

Талдықорған қаласында апелляциялық сот Айзат Жұманованың өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша соңғы шешімін жариялады, деп хабарлайды  Alash.kz ұлттық порталы.

Сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты айыпталушы Айбар Жанболаттың әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қайта саралауды талап еткен. Ал қорғаушы тарап керісінше, істі жеңілірек бапқа ауыстыруды сұрады.

Айыпталушының адвокаты Жанат Сарқытов сотталушының әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне қайта саралап, жаза тағайындауды өтінді. Оның сөзінше, айыпталушының адам өлтіру ниеті болмаған, ал өлім абайсызда орын алған.

Сот төрағасы Айдын Жұрханов апелляциялық сатыда істі қосымша тергеуге қайтару қарастырылмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, іс материалдары «Адам өлтіру» бабының талаптарына толық сәйкес келеді.

Сот аталған бап бойынша 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделетінін ескеріп, айыпталушының бұрын сотталмағанын назарға алды. Нәтижесінде оған 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа моральдық шығын өндіру туралы шешім де өзгеріссіз қалдырылған.

Еске салайық, 2025 жылдың маусым айында Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманова қаза тапқан болатын. Күдікпен оның күйеуі Айбар Жанболат ұсталып, кейін сот үкімімен кінәлі деп танылды.

2026 жылдың қаңтарында Талдықорған қалалық соты оны 14 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді. Апелляциялық сот бұл шешімді күшінде қалдырды.

 
 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар