Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданының бұрынғы әкімі, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған Нұрлан Сыдықов Абай облысының Бесқарағай ауданында «Құрметті азамат» атағын алды. Бұл туралы аудандық мәслихат жариялаған құжатта көрсетілген, деп хабарлайды Alash.kz.
Ресми мәліметте Нұрлан Сыдықовтың ауданға басшылық еткен кезеңінде бірқатар әлеуметтік нысандар салынғаны атап өтілген. Атап айтқанда, Мостик және Башкөл ауылдарында екі жаңа мектеп бой көтеріп, «Айналайын» балабақшасының құрылысы басталған. Сонымен қатар аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген.
Сондай-ақ орталық аудандық аурухана мен Бесқарағай колледжінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Орталық алаңда фонтан салынған, ол бүгінде халық игілігіне қызмет етіп отыр. Әуезов және Корнев көшелеріндегі екі қабатты тұрғын үйлерге термомодернизация жасалып, орталық көшелерге үш бағдаршам орнатылған.
Бұдан бөлек, Ардагерлер үйі пайдалануға беріліп, орталық алаңда Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылғаны көрсетілген.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 9 қарашасында ҰҚК Нұрлан Сыдықовтың кәсіпкерден жер учаскесін ұзақ мерзімді жалға беру құқығын қайта рәсімдеуге оң шешім шығару үшін 800 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын.
Ал 2019 жылдың 19 наурызында сот оны парақорлық үшін кінәлі деп танып, 29 528 620 теңге көлемінде айыппұл салды және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салды.