Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«8 қабаттан құлап кеткен»: Алматы дәрігерлері 13 жастағы жасөспірімді аман алып қалды

11:52, 06 қараша 2026

Алматыда 8-қабаттан (шамамен 24 метр биіктіктен) асфальтқа құлаған 13 жастағы жасөспірімді №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері аман алып қалды, деп хабарлайды Alash.kz.

Ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген науқасты дәрігерлер басынан аяғына дейін компьютерлік томографиядан өткізіп, жан-жақты тексерді. Нәтижесінде баланың бірнеше ағзасы қатар зақымданғаны, бас сүйек пен мидың жабық жарақатын алғаны, миы соғылғаны, қол-аяқ сүйектері бірнеше жерден сынғаны, кеуде және құрсақ қуысы ағзаларының зақымданып, шок алғаны анықталды. Науқас шұғыл түрде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды.

Алғашқы құтқару шаралары мен емдеу барысы туралы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы реанимация бөлімінің меңгерушісі Медетали Мақұлбеков былай деп мәлімдеді:

«Бала ауруханаға түскен кезде оның жағдайы аса ауыр болды. Дереу шокқа қарсы шаралар қабылданып, қан айналымын тұрақтандыруға және ағзаның өмірлік маңызды қызметтерін сақтауға бағытталған қарқынды ем басталды. Алғашқы екі тәулікте реаниматологтардың басты міндеті науқастың жағдайын тұрақтандыру болды. Жағдайы біршама түзелгеннен кейін балаға ота жасалды. Операциядан кейін елеулі асқыну болған жоқ. Кейін жағдайы жақсарған соң бейінді бөлімшеге ауыстырылды», – деді реанимация бөлімінің меңгерушісі.

Бозбала үшінші күні жансақтау бөлімінен травматологияға ауыстырылып, дәрігерлер тобы оған барлығы төрт мәрте ота жасады. Жасөспірімді өлімнен арашалауға хирургтер  Бақытқали Қожаханов пен Әділжан Нұров, анестезиолог Медетали Мақұлбеков, сондай-ақ ассистенттер  Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысты. Басшылық тарапы бұл оқиғаны нағыз кереметке балап отыр. Бұл туралы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Құрметбек Тоқтар төмендегідей пікір білдірді:

«Жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сегізінші қабаттан құлау – оңай емес. Баланың тірі қалуының өзі адам сенгісіз оқиға деуге болады. Барлық ота сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы жақсы деп айтуға негіз береді. Енді баланы әрі қарай емдеу, қалпына келтіру және оңалту кезеңдері күтіп тұр», – деп атап өтті мекеме директорының орынбасары.

Қазіргі уақытта жасөспірімнің денсаулығы жақсарып, ол ауруханадан шығарылды. Әрі қарай емдеу және қалпына келтіру шараларын тіркелген емхана дәрігерлері жүргізеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар