Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"7 келі салмақ жоғалтқан" - Санжар Боқаевтың жағдайы мен сот процесіне қатысты таң ақпарат тарады

21:50, 16 шілде 2026
Алматыда төрт айдан бері қамауда отырған саяси белсенді Санжар Боқаевтың жақтастары баспасөз мәслихатын өткізіп, сот процесі жабық өтуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді, деп жазады Alash.kz порталы Ulysmedia дерегіне сүйеніп.
 

Қоғам белсендісі Әлнұр Ілияшевтің сөзінше, қазір Санжар Боқаевтың адвокаттары іске қатысты пікір білдіре алмайды. Себебі тергеу органдарына арнайы қолхат берген.

Ілияшев Санжар Боқаев пен оның видеографы Ұлан Нүсіпқожаның денсаулығы көңіл көншітпейтінін айтты.  

– Маған адвокаттардың олардың қандай жағдайда екенін айтуына қарағанда, бұл менің ойымша, ешқандай тергеу құпиясына жатпайды. Олардың қандай жағдайда екенін қоғам көрмеуі үшін сот жабық өтеді немесе оларды онлайн қосады деп қауіптеніп отырмыз. Бір кездері Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған Арман Жұмагелдиев пен Руслан Ысқақов сияқты бұл жерде де оларды ҰҚКД тергеу изоляторынан қосуы мүмкін. Маған олардың бірі 5 келі, екіншісі 7 келі салмақ жоғалтқанын айтты. Санжардың бұрын жақсы физикалық жағдайда болғанын бәрі көрді. Қазір оның жағдайы сырт көзге де байқалатын шығар. Оны көрген кезде, өздеріңіз-ақ оның қандай ауыр жағдайда отырғанын түсінесіздер деп ойлаймын, – деді ол.

Әлнұр Ілияшевтың сөзінше, Ұлан Нүсіпқожа медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған.

– Мен күні кеше ғана Ұлан Нүсіпқожаның әйелімен сөйлестім. Ол Ұланды бірнеше рет өте күрделі медициналық тексеруге алып барғандарын айтты. Бұл бірінші рет болып тұрған жоқ. Оның өзі (Ұлан Нүсіпқожаның әйелі) бұған дейін бірнеше рет виедоүндеу де жасаған. Өкінішке орай, мәселе онкологиялық күдікке қатысты болып отыр, – деді Ілияшев.

Баспасөз мәслихатына онлайн қосылған қоғам қайраткері Владимир Дворецкий Санжар Боқаев пен билік арасында «шабул жасамау» тараулы келісім болған тәрізді деді. Алайда, оның сөзінше, бұл келісімді билік оны қамауға алу арқылы бұзған.

– Санжар еш уақытта арзан папулизммен айналысқан жоқ. Ол президентті сынаған емес, керсінше, ол әр уақытта конструктивті шешімдер ұсынды, экономиканы реформалауға қолдау көрсетті. Ол өте ауқымды халық қолдауына ие болды. Бірақ ол белгілі бір уақытта жабық жүйеден ол да шаршады. Осыдан кейін қоғамдық-саяси жұмысты тастап, бизнеске, отбасына кететінін айтып, билікке ашық сигнал берді. Былайша айтқанда, «шабуыл жасамау» туралы пакт жасалды. Билік оны қамауға алу арқылы не себепті ол пактіні бұзды? Менің ойымша, билік оның беделінен, кәсібилігінен, батылдығынан қорықты... Екіншіден, бұл өзгелерге «үндемеңдер» деген ескерту жасалды, – деді ол.

Бірақ Владимир Дворецкий журналистердің «Билік пен Санжар Боқаев арасында шын мәнінде осындай келісім болды ма?» деген сұрағына «Бұл менің болжамым» деп жауап берді. Оның сөзінше, Боқаев АҚШ-та жүрген уақытта хат жолдап, қоғамдық-саяси жұмыстарды доғарғанын айтып, елге оралмайтынын жеткізген. Алайда, осыдан кейін Қазақстанға қайтып келген уақытта ұсталған.

– Біздің бүгін басты талабымыз – ешқандай жабық сот өтпеуі тиіс. Біз журналистер мен азаматтық қоғамның қатысуымен өтетін ашық сот болғанын талап етеміз, – деді Владимир Дворецкий.

Әлнұр Ілияшев та, Владимир Дворецкий де Санжар Боқаевтың ұсталуын алда өтетін Құрылтай сайлауымен байланыстырды.

Ілияшев Боқаев 2023 жылы өткен парламент сайлауында сайлау алды жұмыстарын өте жоғары деңгейде өткізгенін алға тартса, Дворецкий оның мәслихат сайлауына қатысып, жеңіп шығуға мүмкіндігі жоғары болғанын айтты. Бірақ екеуі де «тек партиялық тізіммен өтетін Құрылтай сайлауына Санжар Боқаев қалай ықпал етер еді?» деген сұраққа нақты жауап бермеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар