Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«67 жылдан кейін қауышты»: Қазақстандық азамат Қытайда көз жазып қалған бауырын тапты (ВИДЕО)

10:43, 06 ақпан 2026

Әлеуметтік желілерде 67 жыл бойы бір-бірінен хабарсыз қалған ағайындылардың Қытайда қауышқан сәті түсірілген бейнежазба тарады, деп жазады Alash.kz. 

Stan.kz порталы оқиғаның мән-жайын білу мақсатында кейіпкердің қызы Айкерім Қазыбекқызымен сұхбаттасып, Өрікбаевтар әулетінің тарихын анықтады.

Айкерімнің айтуынша, Семей қаласында тұратын әкесі Қазыбек Өрікбайұлының отбасы шекара бөлінісі кезінде Қытай аумағында қалып қойған. 1962 жылы Қазыбек дүниеге келгеннен кейін бес күн өткенде, әулет Қазақстанға көшуге шешім қабылдайды. Алайда сол уақытта 17 жаста болған үлкен ағасы Рамазан Шәріп Өрікбайұлы оқуда жүргендіктен, Қытайда қалып қояды. Қазыбек Өрікбайұлы ағасын ешқашан көрмегенімен, оның бар екенін отбасынан естіп, өмір бойы іздеумен болған.

«Әкем негізі ағасын танымаған. Ағасы бар екенін, оның Қытайда қалып кеткенін ғана білген. Отбасынан естіген ақпараттары бойынша ағасын өмір бойы іздеген», - деп түсіндірді Айкерім Қазыбекқызы.

Бастапқы бес жылда Рамазан Шәріп әкесімен байланыста болған, бірақ 1967 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін хабар үзілген. Бүгінде Рамазан Шәріп Қытайдың Бэйтунь қаласында тұрады, отбасылы, төрт баласы бар. Жасының ұлғаюына байланысты ол жастық шағындағы көптеген жайттарды ұмытқан. Ал Қазақстандағы бауыры Қазыбек 30 жыл бойы ағасын табу мақсатында «Жди меня» және «Бармысың, бауырым» сияқты бағдарламалардың көмегіне жүгінген, алайда одан нәтиже болмаған.

67 жылдан кейінгі қауышуға әлеуметтік желі себепші болды. Өткен жылдың қазан айында Рамазан Шәріптің ұлы Қытайдың TikTok (Douyin) желісіне әкесінің туыстарын іздейтіні туралы видео жариялаған. Бұл жазба қазақстандық желілерге тарап, ақыры Өрікбаевтар әулетіне жеткен. Видеода «Өрікбай» есімі аталған соң, Айкерім оның өз туыстары екенін бірден түсінгенін айтады.

Қазыбек Өрікбайұлы бауырының табылғаны туралы хабарды естігенде қатты толқып, алғашқыда телефонмен сөйлесуге де шамасы келмеген.

«Кейін әкеме көрсеттік, ол кісі қуаныштан қатты жылады, өз-өзіне келе алмай біршама жүрді. Телефонмен де сөйлеспеді. Үйге кіреді, шығады, өзін қоярға жер таппады», - деді кейіпкердің қызы.

Екі айға созылған ұйымдастыру жұмыстарынан кейін, 23 қаңтарда ағайындылар Қытайда кездесті. Айкерімнің сөзінше, бір апта бойы бауырлар күндіз-түні қатар жүріп, өткен күндерін еске алған. Рамазан Шәріп те өмір бойы жақындарын іздегенін, бірақ таба алмағанын жеткізген. Ендігі кезекте жаз айларында Қытайдағы туыстардың Қазақстанға келуі жоспарлануда. Айкерім Қазыбекқызы бұл ерекше тарихты болашақта кітап етіп жазуды көздеп отыр. 
 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар