Алматыда өткен "Реал Мадрид" пен “Қайрат” арасындағы ойынды көруге Өзбекстаннан арнайы келген жанкүйерлер алаяқтардың құрбаны болды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ташкенттен ұшып келген әке мен баланың матчқа кіру үшін 642 мың теңгеге (шамамен 1175 доллар) сатып алған билеттері жалған болып шыққан.
"Біз билетті 1175 долларға сатып алдық. Иә, ол фейк билет екен, әлде біреу сол билетпен өтіп кеткен бе? Білмейміз. Біз Ташкенттен арнайы ұшып келдік. Бұл арман болған матч еді, “Реал” осында келген соң қатты қуанған едік", – деді жанкүйер.
Желі қолданушылары бұл жағдайға өкініш білдіріп, отбасына көмек көрсету керек екенін айтты. Көпшілігі әке мен баланың көңілі қалмауы үшін оларға “Реалдың” келесі матчын көруге мүмкіндік беруді ұсынды.
Тағы бір қолданушы фейк билеттерді сатқандарға қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет екенін атап өтті.
"Фейк билеттерді қайта сату үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу керек деп ойлаймын. Барлығы табыс тапқысы келеді, бірақ ең болмаса түпнұсқа билетті сатсын. Алаяқтар қаншама адамды алдап, жазасыз қалды. Бұл нағыз алаяқтық қой", – деп жазды beiba77 атты қолданушы.