2021 жылдан бері халықаралық іздеуде болған 46 жастағы Қазақстан азаматы Анталия қаласында қолға түсті. Түркия билігі күдіктіні елге депортациялады, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі түркиялық әріптестерімен, ҚР ІІМ-нің Түркиядағы өкілімен және Қазақстанның Бас консулдығымен бірлесіп, ауқымды алаяқтық жасады деп айыпталған күдіктіні құрықтау бойынша сәтті операция жүргізді.
1300-ден астам қазақстандық зардап шеккен
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ұсталған әйел жалғыз әрекет етпеген. Ол өз сыбайластарымен бірге алдын ала сөз байласып, ірі көлемдегі қаржылық алаяқтықпен айналысқан:
- Қылмыс кезеңі: 2018–2020 жылдар аралығы;
- Жәбірленушілер саны: 1300-ден астам Қазақстан азаматы;
- Шығын көлемі: 6 миллиард теңгеден астам қаражат.
Күдікті топ сенімге кіру арқылы азаматтардың қомақты ақшасын иемденіп, содан кейін шетелге бой тасалаған. Оған 2021 жылы ресми түрде халықаралық іздеу жарияланған болатын. 26 маусым күні іздеудегі әйел Түркия Республикасынан Қазақстанға ресми түрде депортацияланды.