Испанияның Ла-Нусия төрінде ұйымдастырылған халықаралық бокс турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Турнир 3-8 ақпан аралығында Boxam Elite-2026 деген атаумен жарқырап өтті. Халықаралық додаға Қазақстан құрамасы атынан ерлер сапында 10 салмақ дәрежесі бойынша 18 боксшы бақ сынаса, әйелдер арасындағы байрақты бәсекеде 9 салмақ дәрежесінде 14 отандасымыз ел намысын қорғады.
Жарыс нәтижесі бойынша біздің былғары қолғап шеберлері қанжығасына 6 алтын, 5 күміс, 6 қола медалі байланды.
Ақжолтай жаңалықты спорт журналисі Аслан Қаженов сүйіншіледі:
«Финалдық кездесулер қорытындысы бойынша 11 боксшымыздың 6-ауы жеңіске жетіп, чемпион атанды. Атап айтқанда, Үмида Садықова, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Нұрбек Оралбай және Айбек Оралбай қарсыластарын ұтты. Ал, Назерке Серік, Панар Сейітханқызы, Нұрасыл Асылхан, Аман Қонысбеков және Сағындық Тоғамбай күмісті қанағат тұтты. Бұған қоса, алты боксшымыз, яғни, Гүзал Садықова, Элянұр Тұрғанова, Нұрзат Оңғаров, Нұрбек Мұрсал, Тимур Нұрсейітов және Азамат Бектас қола жүлдеге қол созды».