«Қазақ тілі» оқулығындағы сілтеме арқылы ақын Қалқаман Сариннің авторлық сайтына өтеміз деген 5-сынып оқушылары букмекерлік сайтқа тап болды, деп хабарлайды Alash.kz Orda.kz сайтына сілтеп.
5-сынып оқушыларының ата-аналары қазақ тілі оқулығындағы сілтеменің білім беру ресурсына емес, букмекерлік кеңсенің сайтына апаратынын анықтады.
«Кімге жүгіну керектігін білмеймін. Бір апта бұрын мемлекеттік порталға шағым қалдырдым, бірақ әлі жауап жоқ. Қазақ тілі оқулығындағы тапсырмаға берілген сілтеме букмекерлік кеңсенің сайтына бағытталады», – дейді ата-ана
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сайт иесі, ақын Қалқаман Саринге жүгіндік. Оның айтуынша, бұл жағдай туралы бірнеше күн бұрын естіген.
«Бірнеше күн бұрын маған «Көкжиек» баспасынан және Білім министрлігінің өкілдері хабарласып, жағдайды айтты. Сайт менің атымда болғанымен, оны 2011 жылы жасаған әрі жүргізетін – Тимур Бектұр. Тиісті органдар мен мамандарға жүгініп, сайтқа кибершабуыл жасалғанын анықтадық. Қазір сайт қалыпты жұмыс істеп тұр», – деп жауап берді ақын.