Елімізде әлеуметтік желі арқылы заңсыз лотерея мен ұтыс ойындарын өткізген жүзден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Спорт министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, 2025 жылы осындай заң бұзушылықтары үшін 121 тұлғаға жалпы сомасы 49,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Ведомство мамандары инстаграм мен өзге де платформалардағы заңсыз акцияларға тосқауыл қою бағытында белсенді жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Министрлік өкілдері атқарылған жұмыстар туралы былай деді:
«Заңсыз ұтыс өткізгендерге хабарламалар жіберіліп, офлайн және онлайн форматта түсіндіру кездесулері өткізілді. Әлеуметтік желілерде ұтыс ұйымдастырған аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланды».
Жазаланғандардың арасында танымал блогерлер де бар. Мәселен, кәсіпкер Дархан Жолшыбекке 393 200 теңге көлемінде айыппұл кесілсе, Нұртаза Нұрбек пен оның жары Аминаға жалпы сомасы 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Сондай-ақ, «Супер мамасита» есімімен танымал Әлия Байтугаева мен блогер Қайсар Қамза да заңсыз ұтыс ұйымдастырғаны үшін ірі көлемде қаржы төлеуге міндеттелді. Айыппұлды өтеуден бас тартқандардың ісі енді сотта қаралатын болады.